$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Ақмола облысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бақылауда партиялық бақылау

AstanaTV
17.08.2016ж. 20:00
2389
Ақмола облысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бақылауда партиялық бақылау

Ақмола облысына биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ел қазынасынан 57 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Осы арқылы өңірде көптеген әлеуметтік нысандар ашылып, бірқатар өндіріс ошақтары іске қосылады. Аймаққа жүмыс сапарымен барған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осы нысандардың бірнешеуін аралады. Бұдан бөлек, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі де назарға алынды.

Щучинск қаласының орталығындағы бұл мектеп-интернаттың ғимараты 50-ші жылдары тұрғызылған. Содан бері білім ошағына бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмепті. Енді міне, биыл жазда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 167 млн теңге бөлініп, ғимарат қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Айта кету керек, мұндағы құрылысшылардың тең жартысы осы бағдарлама бойынша жұмыс тапқандар. 

Алтыншаш Ысмағұлова, мектеп-интернат директоры:

Біз осындай мемлекеттік бағдарламаның бар екеніне және оның шарапатын көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Қазір бөлінген қаржының 40 пайызын игердік. Бұйыртса, қараша айында жөндеу жұмыстары бітеді. Оған дейін балалар уақытша басқа мектептерде оқи тұрады. 

Бұдан соң партия төрағасының бірінші орынбасары Бурабай ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде болды. Серік Омаров басқаратын шаруашылық бүгінде 1 254 гектар жерді игеріп, егіні мен шабындығын күтіп-баптап отыр. Техниканы жаңартып, тың технологияларды қолдана білетін шаруа, биыл егіннің бітік боларына сенеді. Ол үшін әрине, климаттың қолайлығынан бөлек, үкіметтің қомақты қолдауы да бар.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Көптеген біздің фермерлеріміз, олардың қолында 1 мың, 2 мың, 3 мың гектардың төңірегінде ғана жер бар. Бірақ, Елбасымыздың ұдайы қамқорлығының арқасында, мынау майлы және дәнді дақылдарды субсидиялауға бөлінетін қаржының арқасында, мына тұқым шаруашылығына бөлінетін субсидияның арқасында, жанар-жағармайды арзандатып, жеңілдетіп берілудің арқасында олар мынау қазіргі дағдарыс жағдайында өзінің шаруашылығын дөңгелетіп, жүргізіп отыр. Оның үстіне Ресей сияқты үлкен нарық іргеде тұр. Бүкіл кедендік кедергілер алынып тасталған».

Ал, Көкшетау қаласының «Көктем» ықшам ауданындағы жаңа балабақша биыл пайдалануға беріледі. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған тәрбие ошағына қыркүйек айынан бастап 280 бала барады. Балабақша құрылысы «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалы өкілдерінің жіті назарында болады.  

Гүлнәр Ысқақова, балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы:

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы көп жақсылықтар әкеліп жатыр бізге. Себебі, көп жұмыс орны берілді. Жақсы-жақсы материалдық база дайындалды балабақшаға. Көптеген жаңағы қазір госстандарт бойынша жаңа өзгерістер енгізіледі бала тәрбиесіне».

Құрылыс сапасын көзбен көріп, балабақша тәрбиешілерімен кездескен Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұрлы Жол» бағдарламасының игілігін қазір бүкіл ел көріп отырғанын тілге тиек етті. Сапар соңы партия белсенділерінің басқосуымен аяқталды. Жиында, аймақтағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына партиялық бақылауды күшейтіп, халықтың мұң-мұқтажына көбірек мән беру қажеттігі ескертілді.

Құралай ПИОНЕР