Ауыл-аймақты
аралап, еңбек адамдарымен кездескен Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі сапары
жалғасты. Бұл жолы халық қалаулысы Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысының
Тасқала ауданы тұрғындарымен кездесті. Облыс орталығынан жүз шақырым
қашықтықтағы аудан мал және егін шаруашылығын оң жолға қойған. Ауданға тиесілі
807 мың гектар жердің тең жарымына жуығы ауыл шаруашылығы мақсатында
пайдаланылып отыр. Бүгінгі таңда шаруалар қазақтың етті тұқымды ақбас сиыры мен
етті-жүнді қой өсіруге ден қойған. Ауданда осындай 300-ден аса шаруа қожалығы
бар. Жер еміп, далада малын өргізген ауылдықтар депутатпен болған кездесуде жер
кодексіндегі түйткілді тұстарға тоқталды. Олар бұл мәселенің неғұрлым тезірек
шешілгенін қалайды.
Снежанна
Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының
мүшесі:
Шынымен
де, халық арасында жерге қатысты біршама сұрақ туындап жатыр. Соның бәрін
біздер ескеріп, біршама ұсыныстар түсті. Ертең соның бәрін Парламент
депутаттары қарауы керек. Жүрген жерімізде халықтың ұсыныс-пікірін тыңдап,
ертең депутаттар болып бір шешімін шығарамыз.
Ал
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайым
Талас ауданындағы «Шолақтау» тау-кен өндіріс кешенінде болды. Мұндағы «Көксу»
кеніші кен өндіруде көш ілгері тұр. Жылына 1 жарым миллион тонна жер асты
байлығын игереді. Депутат зауыт ұжымына жерді тиімді пайдалану тәсілдерін де
түсіндірді. Мемлекет байлығы - жер байлығы, сондықтан сырт ел азаматына
сатылмайтынын айтты.
Бақытжан Әбдірайым, ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Жер
енді қазіргі таңда 5 жылға сату бойынша мораторий қойылады. Екіншіден, мынау
жалға беру институтын қайтадан Қазақстан азаматтарына жалғастырады. Ал енді
негізгі мәселе - жерге ие керек. Жерге сол жерді игеретін қожайыны болу керек. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығына үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда
тек қана осы жұмыс істеп, сол жерге ие болса, оның нәтижесі болады.
Еркін КАРИН