$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Қазақстан қоржынында 12 медаль

AstanaTV
18.08.2016ж. 20:00
2551
Қазақстан қоржынында 12 медаль

Осылайша Рио Олимпиадасында Қазақстан қоржыны 12 медальмен толықты. Бұл - рекорд. Қазақстан олимпиададан бұрын-соңды мұнша жүлде алып көрмеген. Ел қоржынына 12-ші медальді Эльмира Сыздықова салды. Оның аты әйел палуандар арасынан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері ретінде тарихқа жазылды. Бүгін қанжығамыз тағы майланатыны анық. Ендігі медальді кімнен күтеміз? Келесі материалда.

Эльмира Сыздықова Қазақстан қоржынына 6-шы қола медаль салды. Қыздар арасындағы күресте 69 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен ол мысырлық қыздың мысын басты. Бірақ ресейліктен айласын асыра алмады. Дегенмен Эльмира Сыздықованың аты тарихқа жазылды. Ол олимпиада жүлдегері атанған қазақтың тұңғыш палуан қызы. Бұл күні тағы бір қазақ қызының жолы болды. Шаршы алаңға шыққан Дариға Шәкімова марокколық Хадиджи Мардиді жеңіп, жартылай финалға шықты. Осылайша, жоқ дегенде, қола жүлдеге қол жеткізбек.

Ал күміс алайын деп тұрып, қола бұйырған Александр Зайчиков пен салмағы үшін қоладан қағылған Денис Уланов бүгін елге оралды. Зілтеміршілер де төрешілерге зіл сақтамапты.

Александр Зайчиков, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері:

Оларға білу анығырақ. Егер төрешілер осындай шешім қабылдаса, демек, мен осы қолаға лайықпын.

Денис Ұланов, ауыр атлет:

Үшінші дегенде көтергенім, бәлкім, қобалжудан не жинақы еместігімнен болған шығар. Бұл салмақты көтердік. Әрі қарай жұмыс істеп, келесі олимпиадаға дайындаламыз. 

Спортшыларды қарсы алған жанкүйерлер олимпиадаға қатысқан саңлақтарды қолынан алып, суретке түсті. Жүлде алмады деп жатсынбай Дениске де демеу білдірді. Өйткені болашағынан үміт күттірер ауыр атлеттің бірі. Ал бүгін үмітімізді үкілеп отырған тағы бір боксшы финалға шығады. Әділбек Ниязымбетов кубалық Хулио Сесар Ла Круспен қолғап түйістіріп, алтынды сарапқа салады. Ал Афинада күміс, Лондонда қола алған Гюзель Манюрова еркін күресте 1/8 финалға шығады. Ал Жұлдыз Ешімова қола үшін қытай қызымен күреседі. Әзірге Қазақстан жалпы есепте 17-ші орында. 

Құралай ПИОНЕР