$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Таразда 46 жастағы әскери қызметкердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
31.10.2016ж. 20:00
4017
Таразда 46 жастағы әскери қызметкердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Таразда өз-өзін атып өлтірген 46 жастағы әскери қызметкердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Оңтүстік аймақтық әскери прокуратура өкілдері хабарлады. Ұлттық Ұланның 5513 әскери бөлімінде қару-жарақ қоймасының бастығы болған Үсен Рапишовтің өзін Макаров тапаншасымен атқаны анықталды. Ал, марқұмның жақындары жұмысында оған психологиялық қысым жасалды деп отыр. Данияр Әлімқұл тарқатады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Өзін-өзін атып өлтірген қару-жарақ қоймасының бастығы осы әскери бөлімде 16 жыл бойы қызмет атқарған. Ал, қару қоймасының құлпын ұстағанына 3 жылдан асқан. Бұл оқиға әскери мансабын аяқтап, зейнетке шығуына бар-жоғы бес ай қалғанда болып отыр.

Осылайша, әскери прапорщик Үсен Рапишевтың қапыда қаза табуы ет жақындарын есеңгіретіп тастады. Асан өзінің егізі Үсеннің ажал құшқанына әкери бөлімнің басшылары кінәлі деп отыр. Айтуынша, ол да осы бөлімде кезінде кинолог болып жұмыс істепті. Алайда, бір жыл бұрын осы бөлімнің басшылары, оған қосымша өтемақы төлемей, зейнетке шығарғанын айтты. Әскери прокуратураға шығамданыпты. Ал, Үсен бақилық боларынан бір күн бұрын 2 сағат бойы жұмысқа келмегені үшін қызметінен қуылмақ болды, деген сыңары суицидтің себебі осы деп болжайды.  

Асан Рапишов, Ү. Рапишовтың ағасы:

Бұған бәрі қатысты - пок командирі Нарбаев та, сосын мынау зам. по тех. Жиенов та, жаңағы сосын  ЗКЧ-ңызда 3-уіде қатысы бар бұған. Кінәнің бәрін мен осылардан көріп отырмын. 

Ал, әскери бөлім басшысы мұны жоққа шығарды. Жұмыстан кешіккенімен, зейнетке шығуына аз қалғанда қызметтен қумайтын едік деп отыр.

Бағдат Нарбаев, 5513 әскери бөлімінің командирі:

Тексеру шаралары жүріп жатыр. Әзірге ештеңе ашып айта алмаймыз. Жауаптылар жазаға тартылатын болады. Ол прапорщик өзін жақсы қырынан көрсете білген қызметкер.  Жұмысқа кешігіп келгені рас. Бірақ сол үшін оны жұмыстан аластату ойымызда болмаған. Бәрін тергеу анықтайды.

Ермек Жанатаев, Оңтүстік аймағының әскери прокуроры:

Әкери қызметкердің қазасына қатысты Оңтүстік аймағының әскери прокуратурасымен  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің 105 бап 1-ші бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ сот медициналық және сот баллистикалық сараптамасы тағайындалды.

Әзірге Үсен Рапишов өзін Макров тапаншасымен атқаны ғана анықталды. Сондай-ақ, ол өзіне қол жұмсар алдында жұмыс бөлемесіне тілімдей хат қалдырған. Алайда, онда не айтылғаны тергеу құпиясына байланысты жарияланбай отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ