$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралда соңғы 33 жылда болмаған қар жауды

AstanaTV
31.10.2016ж. 20:00
2756
Оралда соңғы 33 жылда болмаған қар жауды

Оралда соңғы 33 жылда болмаған қалың қар жауды. Соның кесірінен әуежай уақытша жабылып, жолаушылар жолынан қалды. Ал сулы қардың салмағын көтере алмаған ағаштар құлап, көшеде қозғалыс қиындады. Электр желілері үзіліп, бірнеше ықшамаудан қараңғыда қалды. Еркін Карин тарқатады.

Қалалық жарық беру мекемесінің қызметі қарбалас. Тосын мінез танытқан табиғат алдымен осы мекемені қатты састырған. Сулы қардың салмағына шыдамаған электр желілері үзіліп, мыңдаған абонент жарықсыз отыр. Қараңғыда қалған тұрғындар телефонға әлі тыным берер емес.

Валерий Дементиевский, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ ОҚФ бас инженері:

Қаладағы қарттар үйі мен телеорталық, санаторий мен жүйке ауруларының ауруханасы секілді емдеу мекемесі мен бірнеше ықшамауданда электр сымы үзіліп, қараңғыда қалды. Алдымен осы мекемелерге жарық беруге тырыстық. Қазір жөндеу бригадалары үзілген желіні жалғап жатыр. Күні бүгін 2 мыңға тарта абонент жарықсыз отыр.

Қалың түскен қардың кесірінен жолаушылар да жолынан қалды. Орал әуежайы қолайсыз ауа райына байланысты түске дейін уақытша жабылды. Ал синоптиктер кешеден бері жауған қардың көлемі он күннің мөлшерімен бірдей екенін айтты.

Альбина Кузнецова, инженер-синоптик:

Алдағы күндері Батыс Қазақстан облысында тұман түсіп, жел күшейеді. Январцевтегі метеостансада қалыңдығы 24 миллиметрден асатын қар жауды. Бұл трансатланттық циклонның ықпалымен болған құбылыс. Мұнша көлемдегі ылғалдың түсуі осыдан 33 жыл бұрын 1983 жылы тіркеліпті.

Жауған қардың салмағын көтере алмай жол бойына құлаған ағаштар көшедегі көлік қозғалысын қиындатты. Жүргізушілер құлаған ағаштардың арасынан жол тауып өтуге мәжбүр болды. Ал түс ауа қар еріп, көшелер көлкіген суға айналды.

Тұрғали Таңбаев, көлік жүргізушісі:

Үлкен көшелерде жол жақсы да, басқа көшелерде жол тайғақ. Бұрылыстарда қиын болып жатыр. Қазір машиналар жүргесін жолды есіп, жүруге икемді болып жатыр. Бірақ дөңгелек ауыстыру керек.

Еркін Карин, тілші:

Қазір көлік дөңгелегін ауыстыратын орындарда иін тірескен кезек. Келушілердің көптігі соншалық, кезек күтуге, тіпті жазылуға тура келеді. Ал көлігіңіздің дөңгелегін өзіңіз ауыстырсаңыз, уақытыңызды да, ақшаңызды да үнемдейсіз.

Ауа райын болжаушылар дерегінше, алдағы күндері күн тағы суытады. Демек, бүгінгідей жағдайдың тағы да қайталануы мүмкін.

Еркін КАРИН