$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Дөп сөз

AstanaTV
05.11.2016ж. 20:00
3169
Дөп сөз

«Қырғыздар Конституциясын жоғалтса, Сәлима апа қарыз дәптерін жоғалтып алыпты. Айырмашылық: көрші елде халық шулап жатыр, ал бізде ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ».  Саламат Омаш жүргізетін «Дөп сөз» айдарының кейіпкері Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылының тұрғыны Эльдар Тұрсынғалиұлы.

Ассалаумағалейкум! Өмірге стандартты түрде қарамайтын қарапайым жұрт естігенін түйіп, көргенін жазып жатыр.  Жазу өнері қазіргі заманда екінің бірі айналысып кеткен асабалық емес. Оған тапқырлық керек, дөп жаза білу қажет. Фредерик Браунның ең қысқа әңгімесі оқырман есінде шығар. «Жер бетіндегі ең соңғы адам бөлмеде отырған. Кенет, есік қағылды» дейді жазушы. Ал біздің жазғыштар не депті?

Біздің ауылдағы дүкенші Сәлима апа қырғыздардың күйін кешуде. Қырғыздар Конституциясын жоғалтса, Сәлима апа қарыз дәптерін жоғалтып алыпты. Айырмашылық: көрші елде халық шулап жатыр, ал бізде ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.  

Жазған Эльдар Тұрсынғалиұлы. Әлеуметтік желі қолданушысы. Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылының тумасы. Арманы қазақ балалары көретін мультфильмге сценарий жазу.

Кез-келген  «мен» деген кітаптың өзі  ауыл дүкеніндегі «қарыз дәптердің» қалыңдығынан екі есе жұқа.

Эльдар ауылда тұрады. Ауыл тіршілігін жазады. Кей ауылдардың хәлі нашар екенін қалжыңы мен шындығы аралас мына жазбамен-ақ айта салған.

Қазақстанда біреулер 10 жылда 100 миллиард теңгені шетелге ұрлап алып шығыпты. Бәсе, ауылдарда жол жаман, свет жоқ. Келесі жылы жарық келіп, жол жөнделмесе 10 миллиард «әумин» деген сөз. 

Эльдар Тұрсынғалиұлы:

  Миллиард сөзін соңғы рет мектепте математика сабағында естіген едім. Содан бері енді естіп отырмын. Миллион ұстап көрмеген адам бірден миллиардер болсам ауылға екі нәрсе саламын. Біріншісі өнер мектебі, дарынды балалар оқып бітіретін. Екінші спорт комплекс салар едім. Оның есігі тек мереке күндері емес, үнемі ашық тұратын болады.

Әдемі арман, солай емес пе? Мереке күндері ғана емес, үнемі есігі ашық тұратын спорт кешені керек. Эльдардың келесі жазбасы дәл сондай спорт мектебінің неге жоқ екенін түсіндіреді.

Мектепте 96 беттік «общий дәптер» бастаған кезде ортасынан екі бетті жұла беріп, тоқсан соңында 24 беттік болып қалатын еді. Қазір мемлекеттен бөлінген ақша ауылға жеткенше тура осылай. Желініп-желініп, соңында тиын-тебен ғана қалады.

Тиын-тебенге Эльдар ойлағандай кешен салу мүмкін емес шаруа. Оған жазған ұнайды. Бірақ, кітап шығару мүлдем ойыма кіріп шықпаған дейді. 

Эльдар Тұрсынғалиұлы: 

 Кітап шығару тіптен ойда жоқ нәрсе. Білмеймін енді, қырғыз, өзбек тілінде жазылған кітаптарды менікі деп қазақшаға аударып оқырман жинап алмасам, басқаша мүмкін емес сияқты.  

Әнші болғанда бәрі де мүмкін болар еді ғой... Эльдар спортқа жақын екен. Жазбаларынан байқадық.

Ауыл футболында кішкентайыңнан көзге түскің келсе әлсін-әлсін үйіңнен баклашкімен су тасы. Негізі ауылдағы футболшының карьерасы қақпаның артында тұрып, шығып кеткен допты әкеліп беруден басталады.

Роналдо мен Мессилер әр ауылда жүр, негізі. Бірақ бізде карьераның басталуы дұрыс жолға қойылмаған. «Доп ойнаған тозардың» дәуірі өтіп кеткелі қашан. Қазақтардан да команда шығады. Неге шықпасқа, бірігіп ойнамасқа?.. Бірақ бізде көбісі жерге, жүзге бөлініп кететіні жаман. Әрі қарай Эльдардың жазбаларынан. 

" 100 мектеп, 100 аурухана", "100...».  Жоғарыдағылар жүзге бөлінуді қашан қояр екен?

Джип алсам ешкімді мінгізбеймін.  «Ұлы дала өзіншесі» деген атақ алам сосын. Қазір «Ұлыны» қосып айту мода ғой. 

 Отырыстан келген қыз айнаның алдына жайғасып отырып паригін шешті, жалғанған кірпігін алды,  бетіндегі бояуын сүртті, құлағындағы сырғасын алды, ерніндегі далабын өшірді, ұзын тырнағын шешті... Таңға дейін бұл қыз әлемді құтқармайды-ау.

Рас. «Әлемді сұлулық құтқарады» дегенді де ойланып, көз жеткізіп барып айтатын болдық. Бұл әсіресе, «үтік қоссам, шыға келе ма деп қорқам» деп, Асанәлі Әшімов айтпақшы теледидардан түспейтін «әнші, биші, сырнайшыларға» қатысты шығар.

Спорттағы допинг секілді әншілерді де фонограммамен ән айтқаны үшін атақтарын қайтарып алып сахнадан шеттетсе, дәстүрлі әншілер хит болар еді.

-Алло, Сәлеметсіз бе, Ханшайым, Ханзада... Бұрын фильмнің жалғасы дегенді білетін едік. Қазір әннің де екінші, үшінші сериясы шығатын болған.

Әншілер айтқан әндерінің жалғасын шығару трендке айналып бара жатыр. Төреғали мен Ерке "Алло" әнін "Сәлеметсіз бе?" деп жалғады. Ғаділбек Жанай "Ханшайымым" әнінен кейін "Ханзада" деген нұсқасын шығарыпты. Соны байқаған Құдайберген Бекіш "Қуырмаш" әніне «Кешке не тамақ?» деген ән жазып жатыр екен.

Жұлдыздардың өмірбаянында "жас кезімде базарда арба итердім" деген сөз тіркесі жиі айтылады. Демек, «жол, жол!» деп арба итеру арқылы дауыс ашылады. Біздің эстрадада жүрген әншілердің 90 пайызын қайта базарға  жіберу керек қой.

Зейнет жасындағы Алла Пугачева мен біздің жас әнші Серік Ибрагимов қосылып ән шырқаса қалай болар еді?... Эльдарды тыңдайық.

Алла Пугачева мен Серік Ибрагимов қосылып ән айтса «сақалдылар» тыңдамайтын шығар. Аллаға Серік қосуға болмайды деп.

Бақытты өмір болмайды екен, бақытты күндер, сәттер болады екен. Әр күніңіз қуанышқа толы болсын, құрметті көрермен. Жазып тұрыңыздар. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!