Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қазақстандық майдангерлер Германия үкіметі ұсынған өтемақыны ала бастады

AstanaTV
04.11.2016ж. 20:00
3410
Қазақстандық майдангерлер Германия үкіметі ұсынған өтемақыны ала бастады

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистердің тұтқыны болған қазақстандық майдангерлерге Германия өтемақы төлей бастады. Алғашқылардың бірі болып Оңтүстік Қазақстан облысының 6 ардагері алған. Олардың әрқайсысына 2 мың 500 евро төлемақы берілген. Тағы біреуіне жақын күндері аударылады. Бұл жайында өңірдегі мемлекеттік мұрағаттың директоры Гүлнәр Шардарбекова айтты.

Тағы бір қарт майдангер Германия тарапынан төленетін өтемақыға үмітті. Түлкібас ауданының 94 жастағы тұрғыны Несіпбай Мамытовтың құжаттары қазір Германияға жолданған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сарбаз екі жылға жуық фашистерде тұтқында болған. Қарт жауынгер құжаттарын мұрағатқа өзі әкеліп тапсырыпты.

Гүлнәр Шардарбекова, Шымкент өңірлік мемлекеттік мұрағатының директоры:

Әлі де болса, біздің ОҚО бойынша ардагерлеріміз табылады деген үміттеміз. Осы уақытқа дейін ардагерлер өздерінің тұтқында болғанын жасырып келді. Біз әлі бұл іздену экспедициясын тоқтатпаймыз, әрі қарай ізденеміз.

Германия үкіметі ТМД аумағында тұрып жатқан екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тұтқында болған майдангерлерге өтемақы төлеу туралы шешімді өткен жылы шығарған болатын. Президент жанындағы мұрағаттың мәліметтер базасында ел аумағында 35 мыңдай бұрынғы тұтқын туралы дерек бар. Бірақ өтемақы алуға тек 10 адам ғана өтініш берген. Дегенмен құжат қабылдау жыл соңына дейін жалғаспақ.