Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ғажайып әрі сырға толы Индонезия мемлекеті қазақ туристерін құшақ жайып қарсы алады

AstanaTV
04.11.2016ж. 20:00
5745
Ғажайып әрі сырға толы Индонезия мемлекеті қазақ туристерін  құшақ жайып қарсы алады

Жыл сайын Индонезияға 3 мыңға жуық қазақстандық демалуға барады. Бұл мәліметті Индонезия елшілігі берді. Қалтасы қалың туристер немесе білім іздеген жастар  болмаса, онда ат ізін салатындар көп емес. Бұдан былай ел билігі қазақстандық туристердің санын арттыруды көздеп отыр. Енді тарихқа тұнған ел үкіметі Ява мен Суматра аралдарында арзан әрі қауіпсіз тынығуға жағдай жасамақ. Ришат Асқарбекұлы аралдар мекенін аралап көрді.

Индонезияның жер аумағы 17 мың аралдан тұрады. Халқының саны 250 миллионнан асады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Индонезия - экваторға жақын орналасқан экзотикалық мемлекет. Тропикалық жемістер мен пальма ағаштары жайқалған бұл ел тарих пен мәдениетке де өте бай. Біз экскурсиямызды бастамас бұрын, елдегі ең үлкен мешіттердің біріне кіріп, дұға бағыштамақпыз. Себебі Индонезия - ең көп мұсылман шоғырланған мемлекет. Мысалы, Жакарта қаласындағы Истикляль мешітінде бір мезетте 200 мыңға жуық адам намаз оқуға мүмкіндік алады. 

Индонезия - зайырлы мемлекет. Бірақ жетінші ғасырда келген исламның әсері мықты. Сыртқы келбетіне қарап, мұсылман екенін білмеуіңіз мүмкін. Бірақ ішкі жандүниесіне үңілсеңіз, адамдарды бойында ізгілік бар. Сондықтан халықтың 85 пайызын асыл діннің айналасына топтастыра білген ерекше мемлекет.

Джеймс, турист:

Менің дінім - христиан, католикті ұстанамын. Бірақ исламның ізгі амалдарына қатты қызығамын. Сондықтан соңғы төрт жылда Индонезияға жиі келіп, исламды зерттеумен айналысамын. Турист ретінде көретін жерлері де көп. Әсіресе әртүрлі стильде салынған мешіттерімен ерекшеленетін мемлекет.

Индонезия халқы негізінен 6 үлкен аралға топтасқан. Елдің әкімшілік құрылымы мен халық ең көп қоныстанған Ява аралы - туризмнің орталығы. Жасыл желкен, жүздеген тропикалық жемістер, сан түрлі жәндіктер жергілікті халықтың тұрмысына, тарихына таңданбау мүмкін емес.

Жатур Ласванто, Жакарта қаласы туризм басқармасының басшысы:

Біздің мемлекетте Балиден басқа да қызықты туристік орындар жеткілікті. Мысалы, Жакарта аймағына Еуропадан, Австралия мен Сингапурдан көптеген туристер келеді. Олар тарихи орындарды көруге келеді.

Сапар барысында Бинтан, Пеньенгат, Сенгканг, Батам және Симосир аралдары аралады. Себебі жергілікті билік осы бағытта ішкі және сыртқы туризмді дамытуға күш салып жатыр. Халық тығыз орналасқандықтан, туристер үшін қызықтауға тұрарлық орындар көп. Тархи орындардан бөлек, осы аралдарды шайып жатқан Оңтүстік-Қытай теңізінің жағажайындағы демалыс тіптен әсерлі.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Біз қазір Солтүстік Суматра аралдарындағы ең суық нүктеге келдік. Бұл кезде жауын-шашынды кезде ауа температурасы 1 градусқа дейін төмендейді. Барисан тауларынан жиналып келетін өзен сулары мына сарқырама арқылы Тоба көліне барып құяды. Ол Индонезиядағы ең үлкен вулкандық көл болып саналады. 

Аралдарда 300-дей вулкан болса, оның 200-дейі белсенді. От, су мен жел, осы үш стихия құшағында жатқан тағы бір таңғажайып аймақ - Тоба көлі. Суматра аралындағы жер сілкінісі мен вулканның атылуынан пайда болған алып көл.

Индонезияның ең басты байлығы, миллиондаған халықты климаты мен мәдениеті асырап отыр. Аралдардың тұрғындарын бір шаңырақтың астына топтастыру арқылы сауданы дамытқан. Мұнда ортақ тіл жоқ, бірақ бір-бірін еркін түсінеді. Екі жүзге жуық этностың өз тілі бар. Енді осындай таңғажайып ерекшеліктерге толы елді көруге барлық мүмкіндік жасалмақ. Ол үшін визалық процедуралар да алынған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ