$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Атырау тұрғындары жанар-жағармай бекетінің құрылысына қарсы

AstanaTV
11.04.2016ж. 20:00
1808
Атырау тұрғындары жанар-жағармай бекетінің құрылысына қарсы

Атырау тұрғындары жанар-жағармай бекетінің құрылысына қарсы. Қала іргесіндегі Самал-1 және Самал-2 ықшам аудандары тұрғындары, жаңа нысан мыңға жуық үйді орталық даңғылға қосатын жалғыз жолдан айырады деп, уайымдап отыр. Құрылыс иесі, май құю компаниясы өкілдері болса, барлық құзыретті мекемелерден рұқсат алғанын айтып, іске кіріскелі тұр. Қос тарапты тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы тыңдады.

Мың үйге  жалғыз шығатын жолымыз. Соны жабайын деп жатыр. Қай жақтан шығамыз, мүмкіншілік жоқ басқа жерден шығатын.

Май құю стансасы аумаққа құрылыс материалдарын таси бастағаннан бастап тұрғындардан маза қашқан. Олар қос ықшам аудан халқының қатынас жасайтын жалғыз көшесі жабылады дейді. Айтуларынша, қоныстанғандарына он жылдан асса да, жергілікті билік жол салуға асықпаған. Сондықтан тұрғындар көшені өздері асфальттап алыпты. Енді қаланың бас жоспарында көрсетілген тас жолды жабуға не себеп болғанын түсінбей дал.

Жедел-жәрдем қалай келеді? Өрт болса, көлік қалай келеді? Көп нәрсені ойластырмаған. Жобалық-сметалық құжаттар дайындағанда, ешкім де, менің ойымша, қала өкілдерінен келіп, халықпен ақылдасып, рұхсат алмай, қалай болса солай қол қоя салған.

Жанар-жағармай құю стансасы өкілдері болса, барлығы заң шеңберінде, демек әрекетіміз заңды деп отыр. Олар жанар-жағармайдан бөлек, дүкен мен резерваурды қосқанда, 1 гектардан астам жердің қожасы екендерін айтты.

Ғалымжан Мұғаев, ЖШС өкілі:

2011 жылы осы жер учаскесін жеке тұлғадан сатып алған еді мекеме. Алайда ол кезде бұл жол болған жоқ.  Және ол жопсарланбаған еді. Енді халық наразылық білдіргесін, біз екі жұмаға құрылыс мәселесін тоқтатпақшы болып отырмыз. Негізі құрылыс салу керек, себебі бұл жер заң бойынша толықтай сәйкестігі бар.

Наразы топ экологиялық заңнамаға сәйкес, жобалау кезінде қоғамдық тыңдау өткізуі тиіс еді,- дейді. Жанармай бекетінің бір қазығы Аслан Асқаровтың ауласының түбінде тұр. Ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы.

Аслан Асқаров:

Шарбағымызға тақап тұрып, бізден ешқандай рұқсат алмай, осы жерге заправка салайын деп жатыр. Біз ол заправка салуға түбегейлі қарсымыз. Ешқандай санитарлық нормалар ешқайсысы сақталмаған. Санитарлық нормалар бойынша білмеймін қалай экспертизадан алып шыққанын.

Асхат Әділов, заңгер:

Жоспар бойынша ол үлкен көлемдегі жанар-жағармай бекетіне жатады деп есептеймін. Сондықтан айналасындағы нысандардан, өзінің шарбағынан 300 метр қашықтықта салыну керек деп есептеймін.

Тараптар дауына жергілікті билік араласты. Шаһардың бас сәулетшісінің айтуынша, ол жер телімінің бірінші қожайыны жанармай бекетін салу үшін 2009 жылы алған. 2011 жылы кері сатып жіберіпті. 

Қуанышбек Мақашев,  Атырау қалалық  сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Мәселе «Гелиос» жанар-жағармай бекетінің құрылысы қаншалықты заңды?» деген сауал. Тұрғындарға сол кезде «маған екі апта керек» дедім. 2002 жылғы  бекітілген ескі бас жоспарда бұл жол болған жоқ.  2013 жылғы  жасақталған жаңа бас жоспарда бұл жол автокөлік жолы ретінде енгізілген.  Ол қазір Үкіметте мақұлдауда жатыр.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Тұрғындардың екі апта сабыр сақтауына тура келеді. Егер жергілікті билік пен жанар-жағармай бекеті  қожайыны талабымызды орындамаса, сот органдарына шағымданамыз деп, бекініп отыр көпшілік.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА