Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Нұрбанк» заңды құжаттары жоқ «7 континент» тұрғындарының пәтерлерін қайтарып алуы мүмкін

AstanaTV
11.04.2016ж. 20:00
1993
«Нұрбанк» заңды құжаттары жоқ «7 континент» тұрғындарының пәтерлерін қайтарып алуы мүмкін

«Нұрбанк» баспананы сатып алу туралы заңды құжаттары жоқ «7 континент» кешені тұрғындарының пәтерлерін қайтарып алуы мүмкін. Ал тиісті құжаттарды ұсынған азаматтарға банктің арызы жоқ.

Бүгін Астана қаласының Алматы аудандық соты отырысында банк өкілі сотқа тиісті құжаттарын ұсынған пәтер иелеріне қатысты ешқандай талап болмайтынын айтты. Судья 116 шағымның алғашқы екеуін қайтарып алу туралы өтінішті қанағаттандырды. Aдвокат Олег Корчагин қаржы ұйымы тұрғындарға ешқандай заңды талап қоя алмайтынын түсінгендіктен, осындай қадамға барды дейді. Десе де тұрғындардың көңілдері әлі де күпті.

Олег Корчагин, адвокат:

Шағымды қайта түсіру мерзіміне сәйкес банктің құзырында 3 жылдың ішінде шағымын жандандыру заңды құқығы қалды. Әрине, жақын арада тұрғындарға ештеңеге алаңдамай, пәтерлерінде тұра беруге болады. Бірақ болашақта банктің бүгін айтқанынан айнып қалмасына кепіл жоқ.

«Нұрбанк» акционерлік қоғамының баспасөз жетекшісі біздің арнамызға шағым тоқтатылған пәтер иелерінің уайымдауына негіз жоқ екенін айтты.

Айгүл Хасенова, «Нұрбанк» АҚ баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда тұрғындар арасында баспананы заңды түрде сатып алғанын растайтын құжаттарды ұсынбағандары бар. Ал баспананы әділ түрде сатып алғандарын құжатпен растаған тұрғындардың мәселесі банктің алқа кеңесінде көтеріліп, шағымды қайтарып алу туралы шешім қабылданады. Олардың ісі келешекте сотта қаралмайды.

Еске салайық, «Нұрбанк» өкілдері- «Capital Petrol» компаниясы «Жетінші континент» кешенінің құрылысына 2008 жылы 81 млн доллар несие алып, құрылысты аяқтаған соң нысанды кепілдікке қоймай, пәтерлер мен көлік тұрақтарын сатып жіберді деп айыптап, сотқа шағым түсірді. Ал «Capital Petrol» компаниясы болса, қаржы ұйымынан ақша алмағандарын айтқан болатын. Бұл іске тұрғын үй кешеніндегі пәтер иелері де тартылған болатын.  

Азамат АЛДОҢҒАРОВ