$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Үкімет қолдауы шағын шаруаларға серпін берді

AstanaTV
22.08.2016ж. 20:00
2212
Үкімет қолдауы шағын шаруаларға серпін берді

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы жемісін бере бастады. Негізгі мақсат - ауылды жерлерде қосалқы шаруашылық пен өндіріс орындарын ашуға ниет білдірген шаруларға несие беру. Бағдарлама - Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарында жүзеге асуда. Аймақтағы Жамбыл ауданының тұрғындары қомақты қаржының игілігін көріп отыр.  Жылқы өсірумен айналысып келе жатқан дегерестік Ербол Сүлейменов қосалқы шаруашылықты дамыту бағдарламасының тиімділігін естіп, Үкіметтен 6 пайызбен 6 миллион теңге несие алған. Соның арқасында 80 бас жылқыға арналған мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. 


Ербол Сүлейменов, «Заңғар» шаруа қожалығының басшысы:

Нақты кепілге, яғни 6 миллион алу үшін, 12 миллион тұратын жылжымайтын мүлік қою керек екен. Қойдым да,  соған алдым. Пайызы да төмен, 6 ай демалыс уақыты бар. Алты айдан кейін шамамыз келгенше ақырын 4 жылда бөліп төлеп құтылады екенбіз.

Ал, Ақтөбе облысын құс етімен қамтамасыз етуді көздеген Таңат Қонысбаев «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 2 млн 300 мың теңге несиеге қол жеткізген. Бұл қаражатқа Башқұртстаннан етті үйрек сатып алды. Құстың 10 шақты түрін өсіретін кәсіпкер болашақта қосымша жұмысшылар алуға дайын. Ол да «Нұр Отанның» «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасының тиімділігін айтады.

Таңат Қонысбаев, жеке кәсіпкер:

Мынау «чиливили» деген порода. Біздегідей мына уральский, жай қаздардың салмағын береді. 4 - 4,5 келіге дейін береді. Бұл Башкириядан шығады да, бізге өтпейді. Біздерге бермейді Қазақстанға.

Партия өкілдері бұл бастамаға аймақ тұрғындарының қызығушылығы жоғары екенін айтты."Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы аясында, «Нұр Отан» партиясының бастамасы бойынша, Алматы облысындағы ауылды жерлерде жұмыс орындарын ашуға ниетті әр адамға 6 миллион теңгеден несие бөлініп отыр. Бір ғана Жамбыл ауданы бойынша 306 миллион теңге қаралған. Ақтөбе облысында бұл бастамамен ауыл тұрғындарына бөлінетін несие көлемі 1 млрд 240 млн теңге көлемінде. Жыл басынан бері 246 ақтөбелік жеке кәсіп ашуға ниет білдіріп, 807 млн теңгені игеруге кіріскен.