$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ауылдағы шаруаларға 16 млн теңгеге дейін несие берілуі мүмкін

AstanaTV
07.11.2016ж. 20:00
2592
Ауылдағы шаруаларға 16 млн теңгеге дейін несие берілуі мүмкін

Ауылдағы шаруаларға 16 млн теңгеге дейін несие берілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі айтты. Мал асырап егін еккен ағайынға 5 жыл мерзімге 3 млн теңге беріледі. Ал биыл бұл көрсеткіш алты млнға дейін ұлғайтылды. Министрлік енді агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша 7 жылға 16 млн теңге беру мүмкіндігін қарап жатыр. Тек ол ақша бір шаруаға беріле ме, әлде бірлескен кооперативтер ала алады ма, бұл мәселе әлі талқылану үстінде. Жиында депутат Нұртай Сәбилянов шығысқазақстандық шаруалардың басындағы қиындықтарды жеткізді. Несиені қайтару мерзімін ұзарту мәселесін көтерді. Ал министр бұл сұрақты қарап шығуға дайын көрінеді.

Нұртай Сәбилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Қазіргі кезде көптеген шаруа қожалықтарының, кәсіпкерлердің мал басын көбейтіп жатыр, олардың етінің бағасы төмен, теңгенің құнсыздануы болды, мәселелер бар басқа да, сондықтан бір жылға ұзартып берсеңіздер, одан ешкім де ұтылмайды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

61 несие қарап шығамыз. Ол жерде екі мәселе бар. Бірінші кредит алу үшін өзіндегі кемшіліктер бар. Екінші сол несиені берген шағын кіші микрокредиттік құрылымдар. Егер де азамат қайтарып шағын несие беруші қаржылық құрылымда проблема болса, онда ол бір мәселемен шешіледі. Ал егер несие алушының өзінде болса, онда біз оны бірге қарап шығамыз.

Соңғы кезде ауылдағы шаруалардың алған несиелерін қайтару бойынша кедергілер туындаған. Тамара Дүйсенова қазір 2 млрд теңгенің қайтарымы бойынша сұрақтар туындап отырғанын айтты. Осы жылдары 41 600 адам несие алған.