$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жер кодексіне қатысты мораторий 5 жылға созылатын болды

AstanaTV
19.08.2016ж. 20:00
3044
Жер кодексіне қатысты мораторий 5 жылға созылатын болды

Жер кодексіне қатысты мораторий 5 жылға  ұзартылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев комиссия шешімін қолдап отыр. Бұл туралы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және Жер реформасы жөніндегі комиссияның қызметі туралы өткен кеңесте мәлім болды.

Президент агарарияның әлі де нарықтық қатынастарға бейімделмегенін атап өтті. "Жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаражат жұмсалады, бірақ ол өзін ақтай бермейді. Мұның себебі ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр. Ал оны арттыру үшін қосымша қаражат салу керек. "Бүкіл әлем аграрлық секторға инвестиция тарту ісімен айналысып жатыр. Қазақстан да ауыл шаруашылығын дамыту үшін көбірек капитал тартуды қалады. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, тек содан соң ғана заңдар қабылданса, онда ахуал басқа болар еді",- деді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір ел-жұрт, барлығымыз бірігіп шешу үшін, комиссияның ұсынысы бойынша мораторийді 5 жылға ұзартайық. Оның ішінде мораторий 5 жылға дейін болады ма, 1-2 жыл болады ма, оны жағдай көрсетеді. Осы айтылған нәрселерді түзетіп, кодекске тиісті нәрселерді енгізіп, содан кейін қайтадан келетін болайық.

Жер комиссиясының мүшесі Иван Сауэр комиссия жұмыс жасаған 5 ай ішінде, заңдағы өзгерістерден тыс, өзге проблемалардың шыққанын айтады. Мысалы, атшаптырым аумақтар игерілмей, құнары жойылып, текке жатыр. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Заңның шикі тұстары көп. Осылайша оны қайта қарап, жетілдіру қажеттігіне комиссия мүшелерінің көзі жеткен.

Иван Сауэр, Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі, кәсіпкер:

Біз талқылау барысында, халықпен кездесу кезінде өте үлкен прблемаларды көрдік. Жерді пайдалануды бақылау сапасы өте төмен. Жер телімдері мүлдем игерілмеген. Әрқайсының қожайыны бар, жалға берілген. Бірақ жұмыс істелмейді. Қысқасы, заңның сапасы бүгінгі күннің талабына сай емес.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ