Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақ қоржыны тағы 3 медальмен толықты - 2 күміс, бір қола

AstanaTV
19.08.2016ж. 20:00
2782
Қазақ қоржыны тағы 3 медальмен толықты - 2 күміс, бір қола

Қазақстан қоржыны тағы 3 медальмен толықты - 2 күміс, 1 қола. Алғашқы жүлдені ақтық финалда кубалық Хулио Сесар Ла Круспен жұдырықтасқан 27 жастағы Әділбек Ниязымбетов алса, екіншісін 71 келі салмақта күрескен Гюзель Манюрова қанжығасына байлады. Қола жүлде де палуандар еншісінде. Оны 63 келіде белдескен Екатерина Ларионова алды. Жалпы биыл қазақ палуан қыздары жарап тұр. Сайысқа барған 4 спортшының үшеуі медаль алды. Ал жұрт Әділбектің өнері әділ бағаланбады деп отыр. Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам бұған қатысты не дейді? Тілші материалында.

Бұл - Данияр Елеусіновтен кейін қазақ жанкүйерлері асыға күткен жекпе-жектің бірі. Шаршы алаңда 27 жастағы Лондон ойындарының күміс жүлдегері, 81 салмақтағы Әділбек Ниязымбетов кулабық Хулио Сесар Ла Круспен қолғап түйістірді. Бірінші раунд қарсыластың есебімен ашылса, екіншісінде Әділбек әлдеқайда ширақ шыққан еді. Тек төрешілер басымдылықты тағы кубалыққа берді. Осылайша алтын үшін айқастың соңы Ла Крустың пайдасына шешілді. Әділбекке күміс бұйырды.

Жалпы Хулио мен Әділбек бұған дейін 2 мәрте рингте кездесіпті. Онда да Хулионың жеңіске жеткені бар. Екінші рет күміс алған Әділбек өкінішін айтқанда көзіне жас келді. Жерлісімізді көппен бірге қолдауға келген жұрт Астанадағы Қазмедиа орталығының алдындағы алып экранға жиналды. Арасында Ниязымбетовтың туған жері Маңғыстау өңірінен де келгендер бар. Тек уақыты жеткенде, белгісіз себеппен трансляция көрсетілмей қалды. 

Маңғыстаудан келіп едім қыдырып, мына тікелей көрсетеді деген соң көрейін деп. Енді көрсетпей жатыр. Қарайған хылықты жинап қойды.

Бәйге тіккенбіз, мүмкін жеңеді деп. 

Ал жекпе-жекті көргендер жалпы боксқа қапалы. Мәселен, кәсіпқой боксқа кеткен Қанат Ислам AIBA төрешілері тарапынан әділетсіздіктің көп болып жатқанын ашық айтты. Сондықтан қазақ былғары қолғап шіберлерін жаппай кәсіпқой спортқа бет бұруға шақырмақ.

Қанат Ислам, кәсіби боксшы:

Өзімнің кәсіпқой боксқа кетуіме де, шынын айтсам, осы әуесқой бокстағы әділетсіздікке шыдамай кеткенімде. Кеше осы Әділбектің де боксын көріп отырып,  соны көрдім. Біздің жігіттерге мүмкіндік өте аз өзін көрсетуге. Әділбек қанша жұмыс істеді.  Мен Әділбекке, қазақ боксшыларына  айтам, тек қана кәсіби бокс керек.

Олимпиаданың 12-ші күні негізінен Қазақстан құрамасы үшін олжалы болды. Спорттың 5 түрінен 6 спортшы қатысып, оның үшеуі медаль алған. Әділбектен кейінгі тағы бір күмісті - 71 келі салмақта күрескен Гюзель Манюрова қанжығалады. Канадалық Эрика Уибеге 6:0 есебінде есе жіберіп алғандықтан алтыннан қағылды. Ал қоржынға 7-ші қоланы салған келесі спортшы - 63 келіде белдескен Екатерина Ларионова. Осы тұста айта кететін бір жайт, Риоға аттанған қазақ палуан қыздары жарап-ақ тұр. 4 спортшының 3-уі медаль алды.

Ал бүгін түнде ел намысын бокстан ақтық сында 91 келі салмақтағы Иван Дычко қорғауы тиіс. Сондай-ақ, әйедер арындағы бокста жартылай финалға Дариға Шәкімова шығады.

Мұнан бөлек, ескек есу, еркін күрес, жеңіл атлетика және таэквондодан да спортшылар бақ сынайды. Қазақстан әзірге 3 алтын, 5 күміс, 7 қоламен 20-шы орында тұр. 

Құралай ПИОНЕР