Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қостанайлық құтқарушылар өңірдегі өзен-көлдерде рейд жүргізді

AstanaTV
08.11.2016ж. 20:00
3728
Қостанайлық құтқарушылар өңірдегі өзен-көлдерде рейд жүргізді

Жұқа мұзда жүру қауіпті. Қостанайлық құтқарушылар осылай дабыл қағып отыр. Бірақ, көк мұздың үстінде «сейіл құратындар» сейілер емес. Ескертуді ескермеген бір балықшы жуырда суға кетіп, қайтыс болды. Қауіп-қатердің алдын алу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің  қызметкерлері бүгін рейдке шықты.

Құтқарушылар күн сайын балықшыларға жадынамалар үлестіріп, ескертулер жасайды. Арнайы рейдтік шара аймақ көлемінде жүріп жатыр. Ескерту тек балықшылар емес, барша тұрғындарға қатысты.

Орынқыз Меңдібаева, облыстық ТЖД алдын алу бөлімінің басшысы:

Мұз жөнді қатқан жоқ қазір. 3-5 сантиметр шамасында. Өте қауіпті. Балықшыларға ескерту жасап жатырмыз, рейдтік жұмыстар жүріп жатыр күнделікті. Қостанай облысының азаматтарына айтқым келгені: балаларды қараусыз қалдырмау. Былтыр бізде екі кішкентай бала мектептен келе жатып, мұздың астына түсіп кеткен. 

Заңғар Санай, тілші:

Қарашаның қара суығы келсе де, Тобыл өзені әлі толық қатқан жоқ. Қазір мұздың қалыңдығы - үш-бес сантиметр. Ал, айдынның бетіне шығып балық аулау үшін, кем дегенде 15-20 қалыңдығы болу керек, - дейді құтқарушылар.

Бірақ балықшылар ескертуге құлақ асар емес. Тек бүгінгі рейдтің барысында өзен  жағалаған ондаған адам жолықты. Олар, мұзды тексеріп отырамыз. Жұқалтаң  жерден аулақ жүреміз, деп ақталды.

Сергей Жуков, балықшы:

Мұздың үстіне шығардың алдында қалыңдығын тексеру керек. Менде арнайы істік бар. Сонымен тексерем. Үш күннен бері  балық аулап жүрмін.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері рейдтік-шараны  қарашаның соңына дейін жалғастырмақ. Мақсат - қатерді ескермейтіндердің қарасын азайтып, қайғылы жағдайлардың алдын-алу. Жыл басынан бері аймақта жиырма үш адам суға кетсе, соның екеуі жұқа мұздың құрбаны болған.

Заңғар САНАЙ