Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жетісулық фермерлермен кездесті

AstanaTV
19.08.2016ж. 20:00
2424
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жетісулық фермерлермен кездесті

Алматы облысында қант өндірісі өркендеп келеді. Соңғы үш жылда аймақта қант қызылшасынан алынатын өнім көлемі он есеге артты. Бұл "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетісулық фермерлермен өткен кездесуі кезінде басты тақырыптың біріне айналды. Сондай-ақ сапар барысында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен жұмыс сапасына баса назар аударылды.

Бұл кадрлар «Балалық шағымның аспаны» фильмінен алынған. Қазақстанның болашақ Президенті қызылша жинау үшін ата-анасына көмектесіп жүр. Ол үшін отбасына бір қап қант беріледі. Бұрын Алматы облысында тәтті түбірге деген ықылас ерекше болатын. Кейін қант зауыттары тоқтап қалған кезде, қызылша өткізетін жер болмағандықтан, бұл сала құлдырай бастады. Елбасының тапсырмасынан соң қазір қайта жандана бастады. Кейінгі 3 жылда өнім көлемі 30 мыңнан 250 мың тоннаға дейін көтерілді. «Хильниченко және К» командиттік серіктестігінің көрсеткіші бәрінен биік. Бұл сапалы еуропалық тұқым мен мықты техниканың, ең бастысы, фермерлердің ерен еңбегінің арқасы.

Виктор Хильниченко, шаруа қожалығының жетекшісі:

Бәрі алғашқыда ойлады, жер алды ма, ол бай адам деп. Жоқ, олай емес. Жерден жақсы өнім алу үшін, алдымен оған қаражат салу керек. Минералдық және органикалық тыңайтқыштармен байыту керек, яғни оның құнарын арттыру керек. Біз осылай еткеннің арқасында жақсы өнім алып жүрміз.

Мемлекеттің аграрлық саладағы басым бағыттарының бірі - ауыл шаруашылық өнімдерін тереңдете қайта өңдеуді дамыту. Сондықтан Алматы облысы қант зауыттарын жаңғыртып жатыр. Оларды кеңейтіп, өндірісті қайта жарақтандыруға миллиард теңге қаражат салған. Мақсат - таза қанттың жылдық көлемін 25 мың тоннаға жеткізу. Дегенмен, мұның өзі барша қазақстандықтар сұранысының 5-ақ пайызын жабады. Дей тұрғанмен келешекке деген сенім үлкен.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Қантқа деген сұраныс әр заманда болған және бола береді. Оның үстіне қанттың бағасы жыл өткен сайын өсіп келе жатыр. Сондықтан Алматы облысында қант қызылшасын өсіру, оны өңдеу - бұл өңірге де пайдалы, осы өңірдегі фермерлерге де пайдалы. Өңірдің ауыл шаруашылығын, экономикасын қарқынды дамытуға да өте көп септігін тигізеді деп есептейміз.

Президент тапсырмасы жалғыз бұл емес. Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысында соның бірқатарындағы сапаға баса назар аударды. «Нұрлы Жол» бағдарламасының орындалу барысымен танысты. «Алматы-Өскемен» автомагистралінің кестеден кешеуілдеп келе жатқанын сынға алды. «Талдықорған» индустриалды аймағында да болды. Мұнда тұқымды қайта өңдейтін зауыт салынып жатыр. Ол республикадағы ең таңдаулы кәсіпорындардың бірі болмақ. Жалпы, облыс көлемінде осы тектес 6 өндірістік аймақ жасалады. Мұхтар Құл-Мұхаммед қайта жаңартылған Жастар саябағы мен Қаратал өзенінің жағасындағы демалыс аймағында да болды. Қазір қала тұрғындарының ең сүйікті орындарына айналған. 

Абзал ҚҰРМАНКИН