Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Электр станциялары көмірден газға көшірілсе, энергия мен жылу тарифі қымбаттауы мүмкін

AstanaTV
10.11.2016ж. 20:00
2619
Электр станциялары көмірден газға көшірілсе, энергия мен жылу тарифі қымбаттауы мүмкін

Электр станцияларын көмірден газга көшірсек, электр энергиясы мен жылу тарифі қымбаттайды. Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев осылай деді. Сонымен қатар, баламалы қуат көздерінің тарифін есептеген кезде, доллар бағамын ескеру керек деген ұсыныс айтты. Ведомство баламалы қуат көздеріне тарифті жыл сайын индекстеп отыру үшін, заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуді қарасытырып жатқан көрінеді. Жақсалиев мырза Екібастұз ГРЭС-інің жаңғыртылу барысына да тоқталды.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

Үшінші энергоблоктың құрылысын аяқтау үшін экономикалық негізделген тірек құру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бүгін қолайлы шешім табылмады. Акционерлер тарапынан сәйкес шешім қабылданады деп үміттеніп отырмыз.

Бақытжан Жақсалиев елде қуат көзінің профициті бар дейді. Айтуынша, алдағы 7 жылда станциялардың құрылысын бастамасақ та, Қазақстан электр энергиясынан тапшылық көрмейді. Алайда, Қазақстан инженерлері мен энергетиктері одағының басшысы Марат Дұлқайыров "артық энергия жоқ, керісінше, дефицит басым" деп салды.

Марат Дұлқайыров, Қазақстан инженерлері мен энергетиктері одағының бас директоры:

Олар профицитті алға тартып, оңтүстікте ГРЭС салудан қашып отыр. Алайда, станция қажет, қандай жағдай болса да, оны салу керек. 10 жыл бұрын салып қоюға тиіс еді. Бұл тек аталған аймақта электр қуаты жетпей жатқандықтан емес, жалпы, елге энергетикалық тұрақтылық керек. 

Марат Дұлқайыровтың пікірінше, батыс өңірлер Ресейдің электр станцияларына тәуелді болып тұрғанда, қуат көзінің профициті туралы айту ақылға сиымсыз.

Марат Дұлқайыров, Қазақстан инженерлері мен энергетиктері одағының бас директоры:

Маңғыстау, Атырау және Орал өңірлері әлі күнге дейін Қазақстанның энергожүйесімен қосылмаған. 25 жыл өтті. Үш аймақ, олар бюджетті құрайтын донорлар. Бүгінде Ресейдің «Орталық Волга» компаниясына тәуелді. Қандай энергетикалық қауіпсіздік туралы айтуға болады. Оларды Қазақстанның орталық жүйесіне қосуға да мүмкіндік жоқ. Желілер тартылмаған. Қашан тартылатыны белгісіз.  

Айгүл ӘДЕПБАЙ