Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Туған қызын соққыға жыққан Нұргүл Докуованы ата-ана құқығынан айыру ісі бойынша сот отырысы басталды

AstanaTV
15.11.2016ж. 20:00
2648
Туған қызын соққыға жыққан Нұргүл Докуованы ата-ана құқығынан айыру ісі бойынша сот отырысы басталды

Павлодарда қызын соққыға жыққан Нұргүл Докуованы ата-ана құқығынан айыру бойынша сот отырысы басталды. Қорғаушылық органы әйелді екі баласына да ана болу құқынан айыруды сұрап отыр. Қазір үш жарым жасар Айлин әкесінің қасында. Оның айтуынша, баланың жағдайы жақсы. Үш апта өтсе де, анасын іздемепті. Әсемгүл Мұхитқызы толықтырады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бұл сот отырысын күткендер көп. Елдің жағасын ұстатқан жағдай немен аяқталар екен деген ой бәрінде. Сот залына алдымен білім бөлімі өкілдері, Айлиннің әкесі мен журналисттер қауымы жиналды. Процесс басталуға бірер минут қалғанда, Нұргүл Докуованың өзі де келді. Залға ол көңілі босап, жылап кірді.

Соттың алғашқы тыңдалымына Нұргүл Докуованың қорғаушысы келмеді. Оның қатыспау себебін жауапкер түсіндіре алмады. Десе де, істің қаралуы жалғаса түсті. Анықталғандай, қорғаушылық органы соттан әйелді екі баласынан да аналық құқығынан айыруды сұрап отыр. Қызын аяусыз ұрып-соққан келіншекке бұл әділ жаза,- деп санайды шенеуніктер. Алайда, Нұргүл Докуова мұнымен келіспейді. Сөзінше, жағдайдың ушығуына ол жалғыз кінәлі емес.

Нұргүл Докуова:

Он не работал. Все время мне нервы трепал. Он бил. Пил. Уходил. Даже не спрашивал, ребенок накормлен, сыт, одет. Его это не волновало.

Ермұрат Қасымов:

Қорғанғың келсе, бірден шабуыл жаса деген бар ғой. Меніңше, дәл сондай жағдай, қорғанып жатыр өзінше. Менің басты мақсатым - қызымның қауіпсіздікте болуы. Қазіргі жағдайы жақсы, бақшаға барып жүр. Осы уақыт аралығында анасын есіне де алмады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Үш жарым жасар Айлинді аяусыз төмпештеген бейнежазба өткен айдың соңында ғаламторға жүктелді. Сұмдық таспаны анасы әдейі түсіріп, балғынның әкесі мен ата-әжесіне жіберген. Полицейлер әйелді бірден анықтап, қылмыстық іс қозғады. Нұргүл Докуова бұл әрекетін «ауыр эмоциялық қысымнан» жасадым деп, көпшіліктен кешірім де сұрады. Алайда, қорғаушылық органы тиісті тексеруден кейін бүлдіршінді әкесінің қамқорына берді. Бүгінгі сотта Ермұрат Қасымов Айлин мен Айғанымға қосымша сот-психологиялық сараптама жасауды сұрап өтініш түсірді.

Гүлбақыт Бижанова, Е.Қасымовтың қорғаушысы:

Біз психологтардың тағы бір балалармен кездесіп, сұрақ-жауап алуын сұраймыз. Нақтырақ айтсақ, олардың үрейлену деңгейін тексерсе дейміз. Бұл заңды. Өйткені Айлин қатыгездікті ең жақын адамынан сезінді. Қазір мазасыздануы байқалады. Анасымен көріскенде қандай жағдайда болады екен? Қауіпсіз бе бұл ол үшін? 

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Азаматтық істің сыртында Нұргүл Докуоваға қатысты Қылмыстық кодекстің 140 бабы бойынша іс қозғалған. Бүгінде ол бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал, соттың келесі отырысы қарашаның 28-іне белгіленді.

Әсемгүл МҰХИТОВА