$494.87 €520.65 ₽4.91
×

ХХХІ жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан 22- ші орынға табан тіреді

AstanaTV
22.08.2016ж. 20:00
2798
ХХХІ жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан 22- ші орынға табан тіреді

Риодағы Олимпиада ойындарында Қазақстан ауыр және жеңіл атлетикадан, сондай-ақ бокс пен дзюдодан тәуір нәтиже көрсетті. Ал еліміз үшін басты жаңалықтың бірі - биылғы дода Қазақстанда жүзу спортының қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдеді. Спорттың тап осы түрінен отандасымыз Дмитрий Баландин ел қоржынына жүлде салды Сонымен, Олимпиадада алтыннан алқа тағынған жерлестеріміз - 21 жастағы Дмитрий Баландин, 23 жастағы ауыр атлетші Ниджат Рахимов пен бокстан Қазақстан құрамасының капитаны 25 жастағы Данияр Елеусінов болды. Ал күміс жүлдегерлер дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл, бокстағы жекпе жегінде алтынға бергісіз күміс алған Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов және қыздар арасындағы балуанымыз Гюзель Манюрова. Қоланы қанағат тұтқандар сапында алғаш болып қоржынға медаль салған дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг, ауыр атлетші Фархат Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, жеңіл атлетші Ольга Рыпакова, еркін күресте  Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова, бокстан Иван Дычко мен Дариға Шәкімова болды.

Биылғы бәсекеде кей спортшыларға қиянат жасалып, төрешілердің қара қылды қақ жара алмаған жерлері де бірталай әнгімеге арқау болғаны рас. Жеңіп тұрған жерінен жеңісті қарсыласына берген Левиттің жекпе жегінен өзге, ирландиялық Майкл Конлэн де төрешілердің шешімі бойынша ресейлік Владимир Никитинге есе жіберген. Алайда, бұған келіспеген ирландық спортшы төрешілерге деген өкпесі қара қазандай екенін айтып, "АИБА-ны парақорлық жайлаған" деп салды. Ол аздай, Монғолия палуаны Мандахнаран Ганзоригийн өзбек палуаны Ихтиер Наврузовты жеңуге шақ қалғанда, ескерту алып, қола медальдан қағылған еді. Бұған келіспеген бапкері төрешілер алдында қарсылық ретінде киімдерін сыпырып тастады. Ал, жүлдеден қағылған палуан көзіне жас алып кетуден өзге амалы қалмаған.

Олимпиаданың соңғы күні өзбекстандық спортшылар үшін олжалы болды, көршілеріміз осы күні 4 бірдей медальды қоржынға салды. Нәтижесінде жалпы командалық есепте Қазақстанның алдына шығып, 21-орынға тұрақтады. Сонымен қатар тактикалық шеберлігі үшін берілетін Вэл Баркер кубогын биыл 49 келіде өнер көрсеткен  өзбекстандық Хасанбой Дусматов алса, тарихта тұңғыш рет аталмыш кубокты әйел боксшы да иеленді. Бұл мәртебеге Риода өзіне қарсылас шақ келтірмеген 2 дүркін олимпиада чемпионы 21 жастағы американдық Кларесса Шилдс лайық деп танылды.

Сонымен, биылғы басты спорттық бәсекеде АҚШ 46 алтын, 37 күміс, 38 қола, барлығы 121 медальды иеленіп жалпы командалық есепте көш бастап тұр. Екінші орынға 27 алтын, 23 күміс, 17 қола - жиынтығы 67 медальмен Ұлыбритания жайғасты. Ал, 26 алтын, 18 күміс, 26 қола, яғни бас аяғы 70 медаль иеленген Қытай үздік үштікті қортындылап тұр. Қазақстан 22 - орынға табан тіреді. 200-дей мемлекет қатысқан биылғы басты спорт бәсекесінде қазақстандық 104 спортшы олимпиада ойындарының 26 түрінен өнер көрсетті. Сонымен, Риодағы олимпиада аяқталды, спорттық доданы өткізу кезегі енді 2020 жылғы Олимпиада ойындарының астанасы болғалы отырған Токио қаласында.