Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Утилизацияға жарамды автокөліктер бүгіннен бастап қабылдана бастады

AstanaTV
21.11.2016ж. 20:00
5819
Утилизацияға жарамды автокөліктер бүгіннен бастап қабылдана бастады

Қазақстанда ескі көліктерді утилизацияға өткізу бағдарламасы іске аса бастады. Бүгін еліміздің 17 қаласында автомобильдерді қабылдайтын орталықтар жұмысын бастады. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін жүзеге асыратын оператор тиісті талапқа сай келетін ескі машиналарды қабылдаған соң, он күн ішінде көлік иесі қаржыны қолына алады. Жобаны ұйымдастырушылар бағдарламаның алғашқы сатысында 10 мың автомобиль жиналады деп болжап отыр.

Көне көліктерді қабылдайтын операторлардың телефонына тыным жоқ. Күніне жүздеген қоңырау келіп түседі. Көпшілігі жаңа бағдарламаны әлі түсінбей жатыр, дейді орталық мамандары. Рүстем Қараев тозығы жеткен  «Жигулиін» алып келіпті. Жаңа ережеге орай оның көлігі утилизация талаптарына сәйкес болып шықты.  

Рүстем Қараев, Алматы қаласының тұрғыны:

Көптен бері пайдаланып келдім бұл көлікті. Маған көп уақыт қызмет етті. Бірақ оның пайдалдану мерзімі өтіп кетті. Сондықтан  утилизация туралы ақпаратты естіп, осында әкеліп өткізуге шешім қабылдадым.

Ел аумағында утилизацияға жататын көліктерді қабылдайтын орталықтар өткен жылдан бері жұмыс істеуге көшкен. Алайда тұрғындар ескі көліктерін арнайы орталықтарға өткізуге асықпаған. Ал, биыл қайта қолға алынып, төлемақы төлеу қарастырылып отыр. Барлық облыс орталықтарында көне көлікті қабылдау тіректерінің жұмысы жанданған Мәселен, бір ғана Батыс Қазақстан облысында 150 мыңға жуық көлік тіркелсе, оның 105 мыңы ескі көліктер санатында.

Арухан Кұрманбаева, Орал қаласының тұрғыны:

Әкелдік ескі машинамыз Жигулиімізді, бір жағынан қуанып тұрмыз, бір жағынан үйреніп қалған машинаны тапсыру да өте қиын. Жақсы жағы 150 мың тг шамасында компенсация беріледі дейді. Алла қосса, жаңа машиналы боламыз деген үмітіміз бар.

Ал, Шығыс Қазақстан облысында ескі көлікті қабылдайтын орталыққа ешкім келмеді. Оған сақылдаған сары аяздың да әсері болуы мүмкін. Жалпы автоның қай жылы шыққаны маңызды емес. Бастысы, қаңқасы сау, 7 орыннан аспайтын, салмағы 3,5 тонна болатын жеңіл көлік болуы шарт. Бағдарламаның бастапқы сатысында утилизацияға өткізілген көлікке төленетін қаражат көлемі де білгіленді.

Мұхаммед Ахметов, «ӨКМ операторы» ЖШС Алматы қаласы бойынша өкілі:

Келіп түсетін қоңыраулар көп. Біздің естуімізше, осы науқаннан пайда тауып қалғысы келетіндер де бар. Олар ескі көліктерді біз ұсынған бағадан төмен сатып алып, әкеліп өткізетіндер. Ереже бойынша бұған шектеу жоқ. Кім қанша машина әкелсе де, қабылдаймыз.

Көлікті өткізерде оның иесінен жеке куәлік, машинаны тіркеуден шешу туралы анықтама, келісімшарт және банкте арнайы есеп-шоты болуы керек. Арнайы мекеме қабылданған көліктерді бұзып, оларды сұрыптайтын болады. Жобаның алғашқы сатысында Қазақстанда 10 мың көлік өткізіледі деген жоспар бар. Қалдықтарды қайта өңдейтін үш зауыт салу туралы бастама сатылап жүзеге аспақшы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Тәуелсіз жүргізушілер одағының дерегінше, Қазақстандағы 4,5 миллион автокөліктің 60 пайызы ескі. Өздерінің жүру мерзімін өтегендіктен, қауіпті әрі қоршаған орта үшін зиян. Оларды айналымнан шығарып, автопаркті жаңалаудың  жалғыз жол осы - утилизация. Енді тек ел азаматтарын өз еркімен ескі көліктен бас тартуға ынталандыру қажет, дейді мамандар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ