$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Кешенді тестілеуде сүрінген талапкерлер ЖОО-на шартты түрде қабылданады

AstanaTV
23.08.2016ж. 20:00
3194
Кешенді тестілеуде сүрінген талапкерлер ЖОО-на шартты түрде қабылданады

Екінші рет тағы сүрінді. Кешенді тестілеуді қайта тапсырған талапкерлердің жартысынан көбі шекті баллды жинай алмай қалған. Бұл жөнінде Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері хабарлап отыр. Әйтсе де олар ЖОО-ның күндізгі бөлімдеріне шартты түрде қабылданады, бірінші семестрден соң тағы бір рет сынақ тапсырады. Егер тиісті баллды жинаса, оқуын жалғастыруға мүмкіндігі бар. Ал жинай алмаса, оқудан шығарылады. 

Айта кетейік, биыл елімізде алғаш рет кешенді тестілеуді ақылы негізде қайта тапсыру өткізілді. Бұл шара Қазақстанның барлық аймақтарында 37 базалық ЖОО-да орналасқан тестілеу бекеттерінде ұйымдастырылған. Тамыздың 19 мен 21 аралығында өткен сынаққа ҰБТ-да  50 ден төмен балл жинаған талапкерлер қатысты. Сондай- ақ белгілі себеппен сынаққа қатыспағандар және тестілеу нәтижесі жойылған талапкерлер де бар. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл кешенді тестілеуге қатысуға 46 мыңдай талапкерден өтініш түскен. Сынақ төрт пән бойынша өтті, онда 100 тапсырма берілген.

Жанна Қайшығұлова, Ұлттық тестілеу орталығының басқарма жетекшісі:

ҰБТ мен кешенді тестілеуден шектік балды жинай алмаған талапкерлерге біз үлкен бір мүмкіндік бердік. Нәтижесінде 57 пайызға жуық адам тағы да шектік баллды жинай алмай отыр. Оның себебі, біріншіден, емтиханға кірген талапкерлер ұялы телефон, шпаргалкаға сенуі мүмкін. Мүмкін, дайындықтары да онша болмаған шығар.

Осы тұста айта кетейік, маусымда өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге 84 079 бітіруші қатысқан еді. Тестілеу нәтижесі бойынша 14 252 түлек шекті 50 баллды жинай алмады. Ал 38 бітіруші тестілеуден шығарылып, нәтижелері жойылған. Бұдан бөлек 19-22 шілде аралығында колледж түлектері мен былтырғы Ұлттық біріңғай тестілеуде сүрінген 75 423 талапкер «кешенді тест» тапсырды. 47 140 түлек шекті 50 баллды жинай алмаған. Тестілеуде тыйым салынған заттарды қолданған 542 талапкер тестілеуден шығарылған. Ал биыл алғаш рет өткен қайта тестілеуге қатысу үшін әр  талапкер 2242 теңге төледі. Бұдан мемлекет қазынасына 100 млн теңгедей табыс түскен.