Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Баласын соққыға жыққан алматылық ана 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілетін болды

AstanaTV
28.11.2016ж. 20:00
2528
Баласын соққыға жыққан алматылық ана 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілетін болды

Алматыда 9 жастағы қызын сабаған анасы Әсел Төре 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылатын болды. Бүгін сот осындай шешім шығарды. Бірақ Алмалы аудандық білім басқармасына қарайтын қамқоршылық орган мұндай жазаға қанағаттанбайтындарын айтты. Олар әйелді аналық құқынан айыруды сұрап отыр. Толығырақ алматылық әріптесім Айгүл Ермахан әңгімелейді.

Айгүл Ермахан, тілші:

Әсел Төре туған қызын аяусыз сабаған. Істі егжей-тегжейлі қараған тергеушілер бір ай бұрын осындай қорытынды жасаған болатын. Тіпті уақытша оқшаулау абақтысына да қамалды, бірақ бірер аптадан соң бостандыққа жіберілді. Жеткіншектің азабына төзе аламаған көршілері, құқық қорғау органдарынан көмек сұраған болатын. Іс сотқа жетіп, бір ай бойы қаралды. Бүгін ақырғы шешім шығарылған сот жабық өтті. Бірақ судья соттан соң сұқбат берді.

Айнұр Баймурзина, Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Бүгін сот 27 жастағы Әсел Төреге қатысты үкім шығарды. ҚР Қылмыстық кодексінің 140 бабы, 2 тармағы  бойынша кінәлі деп танылып, 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Келіспеген жағдайда 15 күн ішінде шағым түсіруге құқығы бар.

Үнемі бет-әлпеті көгеріп жүретін балғынды әуелі ұстаздары байқаған. Шешесінің оңдырмай ұратынын кейін көршілері де растап, сотта куәгер болған еді.

Галина Кирюхина, Әсел Төренің көршісі:

Кішкентай қыздың басын қабырғаға ұратын. Қызы үнемі  сұрағанда алдайтын, бетімді мысық тырнап алды, деп. Кейіннен бәрі белгілі болды.

Жалғыз басты әйелге аналық борышын дұрыс атқармағаны үшін бұған дейін бірнеше рет ескерту жасалып, әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Бірақ ол қызын ұрғанын тоқтатпаған. Сондықтан қамқоршылық орган өкілдері оны аналық құқынан айыру керек деп отыр.

Лаура Байтенизова, Алматы қаласы Алмалы аудандық білім басқармасының бас маманы:

Біздің орган қазір кәмелетке толмағандар істері жөніндегі  сотқа аналық құқығынан айыру туралы өтініш түсірді. Сот оны жақын күндері қарайтын болады. Қазір Әсел Төренің қызын көруіне шектеу қойылған.  Егер ана құқынан айырған жағдайда, қамқоршы тауып, қызды беру жағын қарастыратын боламыз.

Судьяның айтуынша, әйел баласына жасаған қиянатына өкінетінін айтқан. Десе де осындай қадам арқылы қызының тәртібін түземек болдым деген. Қазір 9 жасар қыз туыстарының қарауында. Денсаулығы оңалып, мектепке барып жүрген көрінеді. Бауырына басар туыс тапқанша, Қамқоршылық орталығының мамандары бала жағдайын жіті бақылауда ұстаймыз деп отыр.  

Айгүл ЕРМАХАН