Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Павлодардағы «№1 автопарк» кәсіпорны мемлекетке қайтарылса, қайта сатылмауы мүмкін

AstanaTV
28.11.2016ж. 20:00
2731
Павлодардағы «№1 автопарк» кәсіпорны мемлекетке қайтарылса, қайта сатылмауы мүмкін

Павлодардағы «№1 автопарк» мемлекеттің қарамағына қайтарылса, қайта сатылымға қойылуы екіталай. Бұл жайында арнамыздың тілшілеріне қалалық қаржы бөлімінің өкілдері айтты. Анықталғандай, бүгінде бір жыл бұрын жекенің қолына өткен кәсіпорынды қайтарып алу жұмыстары басталған. Бұл шаруа келер жылдың 1-ші ақпанына дейін аяқталмақ. Белгіленген кестеге сәйкес, алдымен кәсіпорынның мүлкі түгенделеді. Содан кейін оның дебеторлар мен кредиторлар алдындағы жағдайы тексеріліп, салық басқармасындағы мәліметтері салыстырылады. Кәсіпорын қала балансында қалады деп шешілсе, серіктестік бұрынғыша өзін-өзі қаржыландыратын болады. Бірақ парк құрамын жаңарту ісі әлі де өткір тұр. Шенеуніктер бұл түйткілді шешу жолын қарастыратындарын жеткізді.

Ғалима Мұханова, Павлодар қалалық қаржы бөлімінің басшысы:

Автопаркты коммуналдық меншікте қалдыру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, қосымша инвесторларды тарту үшін оны «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қарамағына өткізу нұсқасы да ойластырылып жатыр. Кәсіпорының жұмысы - бірінші кезекте тұрғындар үшін маңызды мәселе. Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалы мен қоғамдық көлік қатынасы дегендей. Сондықтан да атқару билігі бұл істе кезекті экспериментке жол бермейді және шешім халықтың мүддесіне сай қабылданбақ.  

Еске салсақ, «Автобус паркі» 2015 жылдың қарашасында жекешелендірілді. Кәсіпорынды 1 млрд 176 млн теңгеге «Қазақстандық құрылыс тобы» ЖШС сатып алды. Келісімшартқа сәйкес, серіктестік оның қызмет бағытын сақтап қалуға міндеттенді және қоғамдық тасымалдағы 30 автобусты жаңартып, билеттендіру жүйесін автоматтандыруға келіседі. Алайда, ұлттық валютаның құнсыздануына кәсіпорынды қаржылық дағдарысқа әкелді. Осының салдарынан жаңа қожайын келісімшартты бұзу туралы әкімдікке хат жолдаған.