$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қарашығанақ инвесторларымен келіспеушілік бар. Жобаның екінші кезеңіне қаржы құйыла ма?

AstanaTV
03.12.2016ж. 20:00
1681
Қарашығанақ инвесторларымен келіспеушілік бар. Жобаның екінші кезеңіне қаржы құйыла ма?

Қарашығанақ бойынша еліміздің үкіметі мен кенішті игеруші инвесторлар арасында келіспеушілік туған. Оны Президент Н.Назарбаев «Bloomberg» агенттігіне берген сұхбатында айтқан. Тіпті үкіметтің арнайы зерттеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Себеп – инвесторлар салық төлемей қойған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өнімді бөлу жөніндегі келісім бар. Мысалы, British Gas 20 млн доллар салды дейік, пайданы бірінші болып көру үшін. Ал пайда түсе бастағанда оның 70 немесе 60 пайызы алдымен инвесторға кетеді, сол салған ақшасын қайтып алғанша. Әрі қарай триггер өзгереді – Қазақстан 80 пайызын, British Gas 20 пайызын алады – келісім-шартта солай жазылған. British Gas өзінің ақшасын шығарды, шығынын қайтарды. Енді триггер бізге қарай бұрылуы керек... Бұл шаруашылық мәселесі, экономика мәселесі, келісім-шарттар мәселесі, Мұндай сұрақтар әркез туады. Оларды біз әркез бейбіт түрде шешіп келеміз, Қарашығанақ бойынша да келісімге келетінімізге сенемін.  

Инвесторлардың қанша төлемей қойғаны ресми айтылмайды. Ақпарат құралдарында 1,6 млрд-тан 2 млрд долларға дейінгі сома жазылды.
Үкіметтің мұнай мен газ бағасының құлдырауынан кейін қосымша түсім іздей бастауы түсінікті. Алайда пайданың басым бөлігін Қазақстанда қалдыруға шетелдік инвесторлар келісе ме, жалпы тараптар қандай пайызға тоқтайды екен? Сарапшылар конфликтінің тереңдеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды:

Дмитрий Лебедев, RENERGYCO сарапшысы:
Бір жарым жыл бұрынғы жағдай қазір өзгеріп кетті. Мұнай бағасы бойынша да, газ бағасы бойынша да...  Бұл дауды ұлғайта отырып үкімет мынадай мәселелерге тап болуы мүмкін -  инвесторлар жобаның екінші кезеңін қаржыландырудан бас тартуы ғажап емес немесе «ғаламдық активтерді оңтайландырып жатырмыз» деп, жобадан шығып кетулері де мүмкін. Бұл өз кезегінде қарым-қатынастарды қиындатады. Әйтсе де келісімге келетін сияқты. «Төле» деп көрсетілген шоттың белгілі-бір бөлігін төлейтін шығар.

Энергетика министрлігі Қарашығанақ өндірушілері кеніштен мұнай алып, газ көлемін арттыру үшін 6 млрд доллар салып-салмайтындарын келесі жылы шешетіндерін хабарлаған. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының веб-сайтында инвесторлардың осы уақытқа дейін кенішке 21,4 млрд доллар құйғаны көрсетілген. Қарашығанақ Батыс Қазақстан облысы, Ақсай ауданының аумағындағы кеніш. Оператор компанияның құрамында BG Group Plc -ты сатып алған Shell (29,25%), ENI (29,25%), Сhevron (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (10%) бар.