Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды

AstanaTV
05.12.2016ж. 20:00
3020
«Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Астанада «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды.  Байқауға 1 маусым мен 31 қазан аралығында 365-тен астам өтініш түскен. Шығармашылық сайыста 4 аталым бойынша, яғни телеарна, радио, газет-журнал және ғаламтордағы БАҚ-на жарияланған үздік материалдар қаралды. Олармен қазылар алқасы мұқият танысып, үздіктерін анықтады. Мерекелік кешке қатысқан Парламент сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның айтуынша, журналистика саласына қойылатын талап уақыт өткен сайын жоғарылап келеді.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ақпарат құралдарынсыз адамдардың бүгінгі өмірін елестету мүмкін емес. Осы саланың мамандарына, жасалған материалдарының мазмұны, стилі мен форматына уақыттың өзі қатаң талаптар қойып отыр. Бәсекелестік артқан сайын тек мықты БАҚ ғана өзінің оқырманын, көрерменін, тыңдарманын таба алады. Мен отандық журналистикада кәсіби, өз ісін жетік меңгерген журналистердің барын білемін. Біздің ел таланттарға бай.

Әр номинация бойынша 1 орын алған тілшілерге 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Марапатталғандар қатарында «Үздік радиоматериалымен» көзге түскен әріптесіміз «Орда ФМ» радиосының директоры Азамат Исаев та бар. Ол 3-ші орынға лайық деп танылды. Бұл байқауда Астана мен Алматыдан бөлек аймақтарда еңбек ететін журналистер де белсенділік танытқан. Өскемен қаласынан келген Александр Дрёмов «Үздік телевизиялық материал» номинациясы бойынша 1 орынға ие болды.

Александр Дремов, конкурс жеңімпазы:

Мұндай байқаулардың өңірдегі тілшілер үшін маңызын атап өткім келеді. Қазір менімен қатар өзге облыстардан келіп, жеңімпаз атанған әріптестерімді байқадым. Мен жасаған материал тақырыпты толық аша білді деп есептеймін. Әсіресе мұрағатпен жұмыс істеу өте қызықты болды. Елбасының 80-90 жылдары бірыңғай экномикалық одақ болатынын дәл болжағанын көргенде, таң қаласың. Себебі бұл идея сол уақытта өзгенің ойына да кіріп шықпаған еді.