Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Астаналықтар олимпиада чемпиондарын ыстық ықыласпен қарсы алды

AstanaTV
24.08.2016ж. 20:00
2770
Астаналықтар олимпиада чемпиондарын ыстық ықыласпен қарсы алды

Олимпиада чемпиондары елге оралды. Бразилиядан Астанаға табан тіреген қаһармандарды әуежайдан жүздеген тұрғын ыстық ықыласпен қарсы алды. Рио төрінде көк байрағымызды көкте желбіретіп, ел абыройын асқақтатқан сайыпқырандарымыздың сапары жайлы келесі бейнематериалда.

Мұхиттың арғы жағындағы Бразилиядан Қазақстанға 13 сағаттан астам уақытта ұшып жеткен спортшылар аздап шаршаңқы екенін жасырған жоқ. Алайда туған жерге табаны тиіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген олар жол азабын әп-сәтте ұмытып кеткендей болды.

Жартылай финалдық кездесуде француздық спортшымен бастары соқтығысып ауыр жарақат алған бокс құрамасының капитаны Данияр Елеусіновтың финалдық кездесуін қалың жұрт қатты уайымдаған еді. Дегенмен «бас жарылса, бөрік ішінде» дейтін қазақтың қара баласы қалың елдің тілеуі мен Елбасының қолдауының арқасында жеңіске жеткенін айтып ағынан жарылды.

Данияр Елеусінов, Рио Олимпиадасының чемпионы:

Қолдауларыңызға рахмет, көп-көп жанкүйер болғандарыңызды сезіндік, мұхиттың арғы жағынан. Біріншіден, жеңіске жетуге жағдай жасап жатқан Елбасымызға мың да бір алғыс. Сіздерді қуантқанымызға, арманымызға жеткеніме өте қуаныштымын!

Ал, әйелдер күресінде сынға түсіп күмістен алқа тағынған Гюзель Манюрова осымен 3 бірдей олимпиадаға қатысып отырған саңлақ спортшы. Күміс қыз, бұйырса, алдағы Токио олимпиадасына да барып қалуым мүмкін дегенді тұспалдады.

Гюзель Манюрова, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері:

Бұл әзірге құпия, мен әр олимпиададан келген соң, бұл соңғысы деп айтам да, бірақ қайта барып тұратыным бар. Қазір жақсылап дем алғым келеді. Келер олимпиаданы да көре жатармыз. Әйел адамдар осындай жұмбақ жандар, сондықтан алда көрерсіздер оны.

Ал елорда әкімі астаналық 3 бірдей спортшы Данияр Елеусінов, Виталий Левит және Гюзель Манюроваға бір-бір темір тұлпардың кілтін сыйлап, құттықтауын жеткізді.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Құрметті спортшылар, сіздер халқымыздың және осында тұрған барлық ағайынның сенімін ақтадыңыздар, Ел намысын қорғадыңыздар, сіздер нағыз батырсыздар. Шын жүректен құттықтаймыз, жеңістен жеңіске жете беріңіздер.

Айта кетейік, олимпиада жүлдегерлерін алда қомақты сыйлықтар күтіп тұр. Бұл ретте Қазақстан әлем елдері арасында Әзірбайжан мен Тайландтан кейінгі 3- орында. Алтын медаль иегерлеріне 250 мың АҚШ доллары және Астанадан 3 бөлмелі пәтер беріледі. Ал күміс алғандар 150 мың АҚШ доллары мен 2 бөлмелі пәтерге, қола жүлде алғандар 75 мың АҚШ доллары мен 1 бөлмелі пәтерге ие болмақ.