Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Астана» баскетбол клубының бюджеті 40 пайызға қысқарды

AstanaTV
11.04.2016ж. 20:00
1891
«Астана» баскетбол клубының бюджеті 40 пайызға қысқарды

«Астана» баскетбол командасының бюджеті 40 пайызға, ал «Барыс» хоккей клубын қаржыландыру 15 пайызға қысқарды. Тек «Астана» велокомандасы мен елордалық футбол клубының бюджеті өзгеріссіз қалды. Бұл ақпаратты «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарушы директоры біздің арнаға берген сұхбатында айтты. «Астана» баскетбол командасы биыл сүреңсіз өнер көрсетті. Қазір астаналық команда турнир кестесінің көш соңында тұр. Сондықтан да қымбат тұратын шетелдік ойыншыларды шақырғанша, бұл қаражатты жергілікті жастарды тәрбиелеуге жұмсамақ.

Дархан Қалетаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры:

Бұл аз ақша емес. Сондықтан да бұл қаражатты балалар баскетболына жұмсағанымыз дұрыс. «Астана» командасының бағыт-бағдарына өзгеріс енгізіп, жергілікті кадрларды дайындау қажет. Менің ойымша, қазір балалар академиясын ашатын кез келді.



Өз кезегінде «Астана» баскетбол командасы көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін қатарынан 12 ойында ұтылған Рамунас Бутаутастың шәкірттері қонақта Грузияның «Вита» клубын жеңді. Кездесу басынан тура соққылармен ерекшеленіп, қорғаныста қателікке бой алдырмаған қазақстандық ұжым ойының алғашқы жартысын өз пайдасына шешті. Үзілістен кейін де сәтті шабуыл ұйымдастырған «Астана» командасы ұпай санын арттырды. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыластың қарқынына төтеп бере алмаған «Вита» баскетболшылары 62-53 есебімен ұтылды. Келесі кездесуін «Астана» команды сырт алаңда Волгоград қаласының «Красный Октябрь» клубына қарсы өткізеді.  



Алматыда вело маусымы ашылды. Спорттық шара Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 100 жылдық мерейтойына арналған. 9 шақырымға созылған веложарыс әл-Фараби мен Тәттімбет көшесінің қилысынан басталып, ҚР Тұңғыш президенті саябағында мәресіне жетті. Спорттық шара барысында қатысушылар «Үздік спорттық отбасы», «Үздік веложабдық», «Үздік жас қатысушы» және «Спорттық дәстүрге берік» аталымдары бойынша марапатталды. 

Самат ҚАНАҒАТОВ