$484.11 €528.79 ₽5.03
×

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің фестивалі өтті

AstanaTV
09.12.2016ж. 20:00
5089
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің фестивалі өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәріс, неміс және ұйғыр ұлттық театрларына академиялық мәртебе берді. Бүгін Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты фестиваль дүркіреп өтті. Шара аясында Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Мың бала» және «Қайырымдылық керуені» жобалары қорытындыланды. Еліміздің әр өңірінен келген этномәдени бірлестіктер театрланған қойылымдар қойып, әнші, бишілері бар өнерін ортаға салды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

10 мыңдай халықты сыйдыра алатын Сарыарқа велотрегі лық толы. Қазақ даласын туған жерім деген әрбір ұлттың өкілі осында. Бұл олардың Ел тәуелсізлдігің 25 жылдығына жасаған тартуы.

Кештің құрметті қонағы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған бүгінгі форумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің ең мықты тірегі - бейбітшілік пен келісім, тыныштық пен тұрақтылық. Осының арқасында 25 жыл мемлекет құрдық, халықтың әл-ауқатын көтердік. Ал ассамблея - қасиетті тірегіміздің мызғымас тұғыры.

Елбасы жастарға ерекше көңіл бөліп, Отанды, туған жерді және оның халықтарын құрметтеуге шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Обращаясь к молодым, хочу сказать, трудитесь честно, во имя процветания нашего Казахстана, любите нашу Родину, цените друг друга, цените нашу сплоченность и доверие к друг другу.

Өз сөзінде Елбасы этномәдени орталықтардың ел бірлігі мен тұрақтылығына қосып келе жатқан үлесін атай келе, кәріс, неміс және ұйғыр ұлттық театрларына академиялық мәртебе берді. Президенттің құттықтау сөздерінен соң бірден концерттік бағдарлама басталды. Мерекелік думанның шымылдығын Нұрғиса Тілендиевтің "Өз елім" әнімен Нұрғали Нүсіпжанов, Музарт, Ескендір Хасанғалиев, Лаки Кесеоғлу және ағайынды Жүгінісовтер ашты.

Салтанатты кеште ассамблеяның 47 шығармашылық ұжымы өнер көрсетті.

Бұдан соң сахнаға жүректері мейірімге толы жомарт жандар шықты. Бұл мыңдаған адамға қолдау білдірген ақ жүрек азаматтар. 2015-2016 жылдары "Қайырымдылық керуені" акциясы аясында 6 млрд теңгеден астам көмек берілген мұқтаждарға.

Бекзат Алтынбеков, меценат:

Қайырымдылық - асыл қасиет, бірліктің үлгісі. Біздің бойымыздағы осы қасиетке адалдықты сіз көрсетіп келесіз.

Фестиваль аясында ассамблея өткізген "Мың бала" және "Қайырымдылық керуені" республикалық акцияларының қорытындысы шығарылды. Этномәдени бірлестік өкілдеріне қазақ тілін үйретуді мақсат тұтқан "Мың бала"  жобасы аясында 2 жыл ішінде 109 мың адам мемлекеттік тілді меңгерді. Бұл ассамблея жасап шығарған бірегей әдістеменің арқасында мүмкін болды. Ал бүгін жобаға қатысқан үздік 50 бала сыйлықтармен марапатталды.

Жеңімпаздар  «Тәуелсіздік  - тірегім», «Асыл сөз» және «Мемлекеттік тіл - Тәуелсіздіктің тірегі» атты үш номинация бойынша марапатталды. "Мың бала" жобасы 2017 жылы да жалғасын табатын болды. Театрландырылған қойылымдар жас спортшылардың өнерімен ұштасып,  вокалдық хореографиялық көрсетілімдерге жалғасты.

Айгүл ӘДЕПБАЙ