Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев темір тордың ар жағында қала беретін болды

AstanaTV
09.12.2016ж. 20:00
2553
Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев темір тордың ар жағында қала беретін болды

Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев темір тордың ар жағында қала береді. Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі сотының апелляциялық алқасы бірінші сот инстанциясының үкімін өзгеріссіз қалдырды.  Сонымен қатар сот Сейітқазы Матаевтың жұбайы Баян Рамазанованың бірқатар тәркіленген мүліктен тыйым салуды алып тастауға байланысты өтінішін де кері қайтарды. Дегенмен апелляциялық коллегия алғашқы шығарылған үкімге ішінара өзгеріс енгізді. Бірақ, оның жазаны жеңілдетуге әсері жоқ.

Алма Есімова, Астана қалалық қылмыстық істер бойынша апелляциялық коллегияның судьясы:

Бұған дейін Матаевтарға өмір бойына ұйымдастыру-үлестіру, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты функцияларды атқару қызметтеріне тағайындалу құқығынан айыру қосымша жазасы қарастырылған. Енді бұл жаза аталған құқықтан 10 жылға айыру жазасына алмастырылсын. 

Бас прокуратура өкілдері Сейітқазы Матаевтың рақымшылыққа ілігуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның жасы 60-тан асқандықтан, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топ санатына жатады, - дейді құзырлы орган өкілдері.

Еске салайық, әкелі-балалы Матаевтар ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқыру дерегі бойынша айыпталды. Сот Сейітқазы Матаевты алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Ал кіші Матаев бес жыл жаза арқалаған еді. Ал, бүгін Сенат тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық туралы заң жобасын мақұлдады. Аталған құжатқа сай 30 мыңға тарта сотталушы бостандыққа шығады деп жоспарланған. Заң жобасы мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.