$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Министр Түркістан облысының су басқан аудандарын әуеден барлап шықты

AstanaTV
04.02.2023ж. 18:05
1252
Министр Түркістан облысының су басқан аудандарын әуеден барлап шықты

Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай және мүдделі ұйым өкілдері Түркістан облысында әуеден барлау жұмысын жүргізді.  Жұмыс барысында Сауран ауданының аумағында, Қаратау беткейінде және Сырдария мен Арыс өзендерінің бойында бұған дейін су басқан елді мекендерге аэровизуалды шолу жасалды. Әуеден барлау жұмыстарынан кейін министр жергілікті атқарушы органдармен және су шаруашылығы мекемелерімен кеңес өткізді, онда ағымдағы жағдайдың тұрақтанғаны және қалыптасқан метеорологиялық жағдай негізінде қажетті алдын алу шараларын қабылдау мәселелері талқыланды.

Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, ешқандай қауіп жоқ. Сонымен қатар, құтқару бөлімшелері атқарушы органдармен бірлесіп қосымша алдын алу шараларын қабылдап жатыр.


Еске сала кетейік, өңірдегі Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басқанын хабарлаған едік.

Тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндірді. Су тасқынына байланысты Сауранда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын тоқтатты. Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды. 4 елді мекенде су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр, тұрғындар үшін «жедел желі» іске қосылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов Кентау қаласы мен Сауран ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауды ұсынды. Юрий Ильин кеше Түркістан облысында төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін хабарлады.