Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Балаға қатысты зорлық-зомбылықты жасырған ата-анаға жаза күшеймек

AstanaTV
08.02.2023ж. 12:31
1131
Балаға қатысты зорлық-зомбылықты жасырған ата-анаға жаза күшеймек

Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактілерін жасырып қалған ата-аналар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген балалардың құқығын қорғаудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобына кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасау фактілерін жасыратын ата-аналарға немесе заңды өкілдерге қатысты қылмыстық жауаптылықты енгізу бөлігінде ұсыныстар енгізу көзделеді», - делінген құжатта.

Мұнымен қатар, қолданыстағы өзге де заңнамаға өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.

«Қолданыстағы заңнамаға сот құқық бұзушының (агрессор) кәмелетке толмағандарға қатысты мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптарды бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізу қарастырылады», - деп көрсетілген кешенді жоспарда.

Бұл орайда, балаға агрессия көрсеткен адам сотқа дейін бүлдіршінмен бірге тұрмайды. Яғни, құқық бұзушы тұрғын үйден уақытша шығарылады.

Жоспарға сай, аталған жұмыстар биылғы жылдың үшінші тоқсаны мен келесі жылдың бірінші тоқсанында кезең-кезеңімен қолға алынады.