Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ауыл тұрғындары арнамызға жүгінді

AstanaTV
08.02.2023ж. 20:00
1605
Ауыл тұрғындары арнамызға жүгінді

Көп күттірген көгілдір отын. Ауыз су мәселесі. Нашар телефон байланысы.Өзге де өзекті түйткілдер ауыл тұрғындарын титықтатқан. Амалы таусылған ағайын «Астана» арнасына жүгініп, ауылдың ахуалын жеткізді. Қостанай шаһарынан 25 шақырым жердегі елдімекен жұртының талап-тілегін тілшіміз Заңғар Санай тыңдады.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Рыбное деген аты бөлек ауыл облыс орталығынан небәрі 25 шақырым жерде. Елдімекенде елуге тарта түтін бар. Мұндағы тұрғындарды бірнеше проблема толғандырады.

Мәдина ӘЛІМБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Газсыз қиын ғой.Көмір сатып аламыз.Отын сатып аламыз. Газопроводты 2025 жылы өткізеді деп уәде беріп жатыр.Соны күтіп отырмыз.

Көрші ауыл көгілдір отын игілігін көріп отыр дейді көпшілік. Газ құбыры небәрі бір жарым шақырым жерде жатқан көрінеді. Шағын елдімекен тұрғындары телефон байланысының нашар екеніне де шағымданады. Интернет түгілі, шеттегі туған-туыспен тілдесе алмай қаламыз дейді жуықта ғана Германиядан кері көшіп келген Любовь Гольцова.

Любовь ГОЛЬЦОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Телефонмен аула кезіп кетеміз. Жөнді байланыс ұстайтын жерді іздеп әлекке түсеміз. Көрші ауылда байланыс мұнарасы тұр. Бізге неге қоймайтынын түсінбеймін.

Сәрсен КӨПЖАСАРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылда бір-екі құдық ғана бар. Ішетін су.Оның өзінде амалсыздан ішіп отырмыз. Алты ай сайын қайта-қайта тазарту керек. Өзіміз насос қойып қойдық.

Тұсында екі жүзге тарта ірі қара, үш жүз ұсақ мал ұстаған ауыл тұрғындары қазір төрт түлік санын азайтқан.Тіпті кейбіреуінің қорасында тұяқ қалмаған. Жайылым жер болмаған соң малдан күдер үзгенін айтады.

Марат МҰХАМЕДЖАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Баяғыда көп мал ұстағам. Отыз қой. Он шақты қара мал. Жылқы ұстадым. Қазір бағатын, шабатын жер жоқ. Сол үшін малдан айырылдық.

Индира МОЛДАҒҰЛОВА, АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІ:

Біртіндеп бұл жерге де газ тартылады деген үмітіміз бар. Газ тартылса әрине бәрі жақсарады. Су да болады. Биылғы жылы осы 2023 жылы Рыбное ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарда бар.

Телефон байланысының түйткіліне қатысты операторларға өтінім берілген. Жайылым жер мәселесі де шешімін табады. Шаруалармен меморандум жасасып, жайылымның аумағын кеңейтеміз деп сендірді ауыл әкімі.

З. Санай