Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Елбасы ядролық қарусыздандыру сыйлық ақысына қолдау білдірді

AstanaTV
29.08.2016ж. 20:00
4239
Елбасы ядролық қарусыздандыру сыйлық ақысына қолдау білдірді

Әлемдегі барлық ядролық қару заңсыз деп танылсын. Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осындай бастама көтерді. Сонымен қатар Қазақстан ядролық қарусыздану премиясын тағайындауы мүмкін. Конференцияда көтерілген бастамаға Елбасы қолдау білдірді. Қазақстан ядролық қаруға қатысты жалпыға ортақ конвенция қабылдау идеясын одан әрі жүзеге асырады. Осы конвенция атом бомбасының біржола жойылатын нақты күндерін де белгілейді, - деп атап өтті Президент.

Ядролық қарусыз әлем құру қаншалықты мүмкін? Семей сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай халықаралық конференция ұйымдастырған еліміз осы сұрақты әлемдік державаларға қойып отыр. Жиынға арнайы қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарумен қорғанып отырған алпауыт елдерді қауіпті қаруды азайту бойынша жалпыға ортақ келісім әзірлеуге шақырды.

Елбасы барша елдің ядролық қаруын рұқсат етілмеген - заңсыз, деп тану бастамасын көтерді. Ядролық қарудан бас тартқан елге сыйақы тағайындау мәселесіне де қолдау білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Арнайы сыйлықақы тағайындау туралы бастама көтергендеріңізге ризашылығымды білдіремін. Мен бұл ойды қолдаймын. Ядролық қарудан бас тарту премиясын тағайындай аламыз. Ойланып, шешім қабылдаймыз.

Бірақ атом қаруын ұстаған алпауыттар айылын жимай отыр. Ядролық державаның бірі Америка да қауіпті қарудан бас тартуға асығар емес. АҚШ өкілі мұны жасырмады.

Анита Фрид, АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің бірінші орынбасары:

АҚШ толық қарусыздану мақсатын қолдайды. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қол қайған ел. Президент Обама ядролық қару-жарақ санын 4000 дейін қысқартты. Тағы 2000-ға дейін қысқарту бастамасын көтерді. Бірақ Ресеймен қазіргі жағдайды ескере отырып, мұндай шешім қабылдауға тиімді кезең емес деуге болады. 

Осыдан 25 жыл бұрын 29 тамызда Президент Семей сынақ полигонының жабылуы туралы жарлыққа қол қойды. Халықаралық конференцияның бүгін өтуі де содан. Кеңес үкіметінің жарылыстарынан 500 мыңдай адам зардап шекті. Өзге ұлттарға қарағанда қазақ халқының атом бомбасының қасіретін көбірек тартқанын еске салды Елбасы. Президент қараша айында Астана бейбітшілік саммиті өтетінін де хабарлады. Сол жиында ядролық қарусыздандыру премиясын биыл алғашқы лауреатқа беру туралы шешім қабылдануы мүмкін.

Айгүл ӘДЕПБАЙ