Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Түркияда қаза тапқан отандастарымыздың денесі ертең елге жеткізіледі

AstanaTV
10.02.2023ж. 20:00
1151
Түркияда қаза тапқан отандастарымыздың денесі ертең елге жеткізіледі

Түркияда қаза тапқан Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың денесі ертең елге жеткізіледі. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. Мәйіттерді елге жеткізу шығынын мемлекет көтереді.

Қазақстандық құтқарушылар толығымен қираған 6 қабатты ғимараттың үйіндісінен 2 қазақстандықтың денесін алып шықты. Зілзала кезінде Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашев Түркияның Хатай қаласында жұмыс бабымен жүрген. Сыртқы істер министрлігі екі азаматтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Сыртқы істер министрлігі қаза болғандардың денесін отанына жеткізуге барынша көмек көрсетеді деп сендіргіміз келеді. Отандастарымыздың мәйіттері Қазақстанға осы жылдың 11 ақпанында Анталия-Алматы рейсімен жеткізіледі деп күтілуде. Барлық шығынды мемлекет өтейді.

Инновация министрі Бағдат Мусин facebook желісінді курстасы Мирболат жайлы жазба қалдырды. Оның айтуынша Мирболат дінге берік, өз ісінің шебері болған.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Мирус - жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты. Біз оған Астана Хабтың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді. Жаның жәннаттан орын тапсын, бауырым!

Ал жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадьярова Адана қаласының мемлекеттік емханасында жатыр. Кеше оның қолына операция жасалған, жағдайы тұрақты. Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, қазір тағы бір қазақстандық бойжеткен іздестіріліп жатыр. Ол 6 ақпаннан бері байланысқа шықпаған.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ол Кахраманмараш қаласында тұрады. Біз оны әпкесі сенім телефоны арқылы хабарласқаннан кейін бірден іздей бастадық. Қазіргі уақытта елшілік қызметкері осы қалада және түрік құтқарушыларымен бірге оны іздестіруде. Көршілерінің айтуынша, ол құлаған кезде үйдің ішінде болған. Операцияның сәтті аяқталуын тілеп, жақсы жаңалық күтеміз.

Мұнан бөлек хабарсыз кеткен тағы бір қазақ әйелі Хатай қаласынан табылған. Министрліктің сенім телефонына үздіксіз қоңырау түсуде. Айбек Смадияровтың айтуынша, осы күндері 150-ден астам отандасымызды тауып, Қазақстандағы туыстарымен байланыс орнатуға көмектескен Түркиядағы дипломаттарға да қоңыраулар, үндеулер түсіп жатыр.Көмекке мұқтаж жандар қауіпсіз жерге көшіріліп, көлікпен, тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етілген. Кейбіреулер отанына қайтқысы келетінін білдірген, алайда көбінің құжаттары жоғалған көрінеді. Жергілікті консулдар оларға қажетті құжаттарды дайындап, соңғы төрт күнде Түркиядан 124 қазақстандық шығарылған. Ал елде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.