Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Тараз тұрғындары темір жол өткелінің жоқтығына өкпелі

AstanaTV
10.02.2023ж. 20:00
1748
Тараз тұрғындары темір жол өткелінің жоқтығына өкпелі

Тараз тұрғындары темір жол өткелі жоқ деп өкпелі. Әкімдікке 10 жылдан бері үзбей хат жазған. Бірақ қала әкімдігі құлақ асар емес, дейді. Бұл аздай 8 қатар шойын жолды кесіп өткен тұрғындарға тәртіп сақшылары айыппұл салып жатқан көрінеді.

Шаһар шетіндегі Тастақ алқабында 500-ден аса түтін бар. Аялдамадан алыс тұратын тұратындар темір жолды кесіп қалаға қатынайды. Бала-шаға да 40 қадам жердегі мектепке осы жаяу жүргінші жолмен барады дейді. Бір көпір бар, бірақ халық саны өсіп, алқап ұлғайып, ол өткел 3 шақырымға алыстап кеткен. Онсыз да қауіп-қатерге қарамастан темір жолды үреймен кесіп өтетін тұрғындар, түсініксіз талапты естіп таң қалып отыр.

БЛИЦ:

- Бұл енді таза халықты қанау ғой. Ары-бері өткен сайын ақшамызды беріп отырсақ, бұ қалай болады?!

- Бір өтсеңдер, предупреждение. 2-ші рет ұсталсаңыздар 2 АЕК, 3 айлық ары қарай жалғаса береді біздің шаруамыз жоқ сендерде деді.

- Осы жалғыз жолмен жүре алмаса, халық қайда барады сонда?

Аспалы көпірдің жоқтығын көре тұра, темір жолды кесіп өтіп жүрген қарашаға қанша айыппұл салынды деп жергілікті полицияға сауал қойдық. Олар ешкімге айыппұл салмадық, тек ескертіп жүрміз деді.

Аслан ДҮЙСЕНБАЕВ, ТАРАЗ СТАНЦИЯСЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол жерде тек қана теміржолшылар жүруі тиіс. Қарапайым адамдарға жүруге болмайды ол жерде. Олай еткен жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 559-бабы, 1-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Айыппұл салынбайды, бірақ, ескерту жасаймыз. 5 АЕК айыппұл да, ескерту де қарастырылған.

Ал қала әкімдігі темір жол үстінен кесіп өтетін аспалы көпір салуға қаражат жоқ деді.

Нұрбол ҚАЛДЫБАЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл мәселені толығырақ зерделеп, теміржол компаниясымен келісіп, қарастыратын боламыз. Биылғы жылы енді қазір бюджет нақтылау кезінде жсқ ақша бөліп, қарастырса, соғып береміз.

Жұрт әкімдіктің жылда беретін уәдесіне әбден тойған. Өткен жылы қала аумағында теміржолды кесіп өтпек болған 5 адам бақилық болыпты. Оның екеуі - жасөспірім. Сондықтан осындай қайғылы жағдай қайталанбас үшін тездетіп қауіптің алдын алып көпір салып берсін деп отыр көпшілік.

Б. Жұмабай