$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралдық шенеуніктер әуежайдың сатылмайтынын айтып сендірді

AstanaTV
13.02.2023ж. 20:00
1253
Оралдық шенеуніктер әуежайдың сатылмайтынын айтып сендірді

«Оралдағы халықаралық әуежай мемлекет меншігінде қалады». Саудаға түскен стратегиялық нысан дауына қатысты шенеуніктер жауап берді. Соңғы күндері Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайды ресейліктер сатып алды деген ақпарат тарады. Стратегиялық нысанның бұлай саудаға түсуі халықтың алаңдаушылығын туғызды. Бұқараға басу айтқан шенділердің уәжіне сенсек, әуежайдың ұшу-қону жолағы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитетіне, ал әуежай ғимараты «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі. Әуежайдың ұшу алаңы мен жолаушылар терминалын салуға кезінде 12 миллиард теңге жұмсалған. Осыдан кейін әуежай былтыр көктемде 3 жылға жеке компанияның сенімді басқаруына берілді. Кейін олардың үлесін ресейліктер иеленеді. Бірақ көрші елге салынар санкцияның салдары туралы сұраққа нақты жауап жоқ.

Нұрлан ӨТЕПБАЕВ, «АҚЖАЙЫҚ» ӘКК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бұл - коммерциялық құпия. Ал әуежайды жөндеуге бөлінген 6 миллиард теңгені қалай қайтаратынын құрылтайшы өзі шешеді. Сенімгерлік басқаруға алған үш жылда қалай қайтаратынын өзі біледі.

Сала өкілдерінің сөзі әуежай мемлекет меншігінде қалады дегеннен аса алмады. Бір қызығы, құрылтайшылар бұл туралы оларды хабардар етпеген көрінеді. Дегенмен, ресми жауапты бірер аптадан кейін береді деп сендірді.

Айдар МЕҢЕЕВ, БҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің стратегиялық маңызы бар ұшу-қону жолағы және аэропорттың терминалы ол мемлекеттің меншігінде. Ешкімге ешқайда сатылған жоқ. Сол себепті біздің тұрғындарға алаңдайтын ешқандай себеп жоқ. Егер доляны ұстап отырған компаниялар өздерінің үлестерін сататын болса, олар алдымен үкіметпен келісетін болады.

Е. Карин