Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Түркияда қиранды астында 80 мыңға жуық адам болуы мүмкін

AstanaTV
13.02.2023ж. 20:00
1586
Түркияда қиранды астында 80 мыңға жуық адам болуы мүмкін

Түркияда үйінді астынан тағы бір отандасымыздың мәйіті табылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Анадолы елінде іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Бүгін еріктілер 100 киіз үйді бауырлас Түрік елінде құруды бастады. Толығырақ Сүндет Оралбеков айтады.

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш қаласында құтқару-іздестіру шаралары кезінде әйелдің денесі табылған. Кейіннен оның Қазақстан азаматы Жанар Жақсыбекова екені анықталды. Марқұмның денесі елге жеткізілді.

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан отандасымыздың денесін Кахраманмараштан Анталияға және одан әрі Алматыға жеткізуге, сондай-ақ қажетті құжаттарды ресімдеуге барынша жәрдем көрсетті. Бүгін мәйіт Талдықорған қаласына жеткізілді.

Кахраманмараш қаласы зілзаладан қатты зардап шеккен. Қазақстаннан жеткізілген 100-ге жуық киіз үй сондағы саябақтардың біріне тігіліп жатыр. Жергілікті биліктің айтуынша, бұл үйлер рухани қалашық қызметін атқарады. Халықтың қорқынышын сейілтуге көмектеседі дейді.

Нұрбек БЕКБАУ, ЖУРНАЛИСТ:

Кеше біздер Кахраманмараш қаласына келіп жеттік. Өзіміз кеше түнде келе салып осындай киіз үйлерді тігіп тастадық. Бүгін негізгі партия келе жатыр. 84 киіз үй, 60-қа жуық генератор және қазан-ошақ. Яғни, өмір сүріп кетуге жағдай жасап беріп, тігіп беріп халыққа ұсынамыз.

Түркістан облысынан тоғыз дәрігер Түркияда зардап шеккендерге көмек беру үшін жолға шығуға тас түйін дайын отыр. Олар – терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург және невропатолог сынды тәжірибелі мамандар. Зардап шеккендерге реанимациялық және жалпы медициналық көмек көрсететін болады. Бәрі де түрік, ағылшын тілдерін орташа деңгейде меңгерген.

Аслан ПОЛАТОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ОРТОПЕД ДӘРІГЕРІ:

Түрік ағайындарымызға, бауырлас қандастарымызға осындай апат салдарынан болып жатқан кезде біз қазақ елі, қазақ халқы қол қусырып тұра алмаймыз. Біз қолдан келгенінше жәрдем беріп, барынша қолдан келгенше атсалысуға дайынбыз. Қандай көмек болмасын біз ол көмекті беруге шын жүректен дайынбыз.

Жанболат ДІЛДӘБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Өңірлерден бес-бес маманнан сұралған еді. Бірақ біздің өңірден, біздің ауруханадан тоғыз маман ерік білдіргендіктен біз тоғыз маманнның да тізімін бердік. Кеше бүгін болмаса резидентураны жақында бітірген дәрігерлер емес, сегіз дәрігер хирургия саласы бойынша, бір дәрігер терепия саласы бойынша маман болып табылады.

Қазақстандық құтқарушылар қиранды құрсауынан 7 адамды құтқарды. 67 адамның денесін үйінді арасынан шығарған.

Оразалин ҚАҺАРМАН, ҚР ТЖМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Топ Газиантеп және Нұрдағы қалалары бойынша іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыруда. 60-тан астам зардап шеккендер мен науқастарға медициналық көмек көрсетілді. Жылыту пунктерінде 200-ден астам адам орналасты.

Түркия мен Сирияда қаза тапқандар саны 33 мыңға жетті. 80 мыңнан аса тұрғын жарақат алған. AFAD мәліметтері бойынша, эпиорталығы Кахраманмараштағы Пазарджик және Эльбистан аудандарында болған екі жер сілкінісінен кейін 2 412 афтершок тіркелген. БҰҰ Түркия мен Сирияда 5,3 миллионға жуық адам баспанасыз қалса, екі елде 900 мыңға жуық адам ыстық тамаққа мұқтаж. Ал мамандар үйіндінің астында әлі 80-ға жуық адам болуы мүмкін дейді