Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Валентин күніне тоқтау бар ма?

AstanaTV
14.02.2023ж. 20:00
881
Валентин күніне тоқтау бар ма?

14 ақпан Әулие Валентин күнін тойлайтындар әлі бар. Ұлтымызға тән емес, дінге сай емес мерекеге тоқтау бар ма? Сезімге беріліп, махаббаттың символынана балап жүрген жастармен Мерей Қалиасқар тілдесті.

Арыстанбек Асылбек елордағы маңдайалды мектептердің бірінде оқиды. Бірнеше күн бұрын оған және оның сыныптастарына Валентин күнін тойлайтындары туралы хабарланды. Оқуы озат оқушы үшін бұл жаңалық төбеден жай түскендей болды.

Арыстанбек АСЫЛБЕК, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

Өткен демалыста сынып жетекшіміз ватсап желісінде Валентин күніне дайындалыңдар, бір-біріңе сыйлық бересіңдер деді. Жәшікке салмай-ақ, ашық түрде таңдаған адамға ұсынасыңдар деп айтты. Анам бұл мерекенің мән-жайын түсіндірді. Өз басым тойлауға қарсымын.

Дәл бүгін бас шаһардағы гүл сататын дүкендерде сауда қызып тұр. Қос бетті құттықтау қағаздары мен гүл шоқтары көз ілеспес жылдамдықпен жаппай сатылып жатыр.

БЛИЦ:

- Жоқ, тойламаймыз. Біз мұсылманбыз ғой

- Жалпы қазақтардың атынан айта алмаймын."Қазақтар осыны тойлау керек, тойламау керек" деп, адамның өзінің қалауларына байланысты.

- Біздің мереке "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күні" сол күні құттықтаймын.

- Негізі нейтрально. Былай жек көрем деп те айта алмаймын, тойлаймын деп те айта алмаймын. Ал сыйлық сыйласа қабылдаймын.

- Әрине, болады. Бұрыннан келе жатқан нәрсе ғой.

Қала тұрғындарының пікірі осындай. Дені Валентин күнін жай ғашықтар мерекесі деп

қабылдайды. "Тарихын білесіз бе? дегенде көпшілігі хабар жоқтығын жеткізді. Ал атойлап қарсылық білдіргендер ұлт пен дінімізге қайшы дейді. Себебі бұл мейрамның түпкі бастауы лас әрекетке толы екендігін айтады.

Ілияс ОТАРОВ, «КӨКТАЛ» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ:

Пайғамбарымыз: "кімде-кім қай қауымға ұқсаса, солармен бірге тіріледі" деген, "солардан болып есептеледі" деген хадисі бар. Және де бұл жерде кейбір арсыздықтар халық арасында, әлеуметтік желілерде айтылып жатады "зинаға бару" дегендей. Осы сияқты мәселелер ислам дініне қарсы болғандықтан біз Әулие Валентин күнін тойлауды дұрыс емес деп есептейміз. Біздің Мұсылмандар Діни Басқармасының көзқарасы осындай.

Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:

Бүгін бас қаладағы ірілі ұсақты мейрамханалар қолұстасқан ғашықтарға толы болады. Тіпті, алдын ала орындарға тапсырыс беріліп, бір-біріне ерекше сый сыйлып, “өмірлік жарым боласың ба?” деп ұсыныс тастайтындар да жетерлік. Мен тұрған мейрамханада 3 жұп отау құруға сөз байласпақ.

Қоғам қанша жерден қарсы болғанымен дәл осы күні келушілердің қатары күрт көбейеді. Мейрамханалар үшін тұтынушы сөзі заңмен парапар. Себебі сұранысты өтеулері шарт.

Сандуғаш МОЛДАХМЕТОВА, МЕЙРАМХАНА ӘКІМШІСІ:

Бұл мерекеге біз тематикалық мәзір дайындадық. Қонақтарды бұдан бөлек жанды дауыстағы әуен мен арнайы безендіру көңілден шығады деген ойдамыз.

Қазірдің өзінде бос орындар жоқтың қасы. Жалпы жұптарға арналған мәзір 35 мың теңгеге тең.

Бұқарадан байқағанымыз, батыстың қаңсығын таңсық көруін тоқтатар емес. Еске салайын, елімізде 15 сәуір "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу" күні. Дәл осы күні сүйгеніңе сезіміңді білдіріп, ғашығыңа сыйлық сыйласаңыз болады.

Қ. Мерей