$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Терроризм мен экстремизммен күресті күшейтетін 7 заң қабылданбақ

AstanaTV
01.09.2016ж. 20:00
3038
Терроризм мен экстремизммен күресті күшейтетін 7 заң қабылданбақ

Теңгені тиімді игермеген үкімет бақылауды күшейту керек. Ал заңдар асығыс-үсігіс қабылданбай, халыққа түсіндірілуі тиіс. Бүгін Парламенттің бірлескен отырысында президент осыны мықтап тапсырды. Өйткені бұл сессияда да маңызды заңдар қабылданбақ. Оның ішінде жер кодексі мен терроризм және экстремизммен күресті күшейтетін 7 заң бар. Президент электр энергиясын арзандататын заң жобасы да қаралатынын айтты. Қос палатаның бірлескен жиынынан Айгүл Әдепбай.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Сонымен жаз бойы аймақтарды аралап та, демалып та үлгерген депутаттар бүгін іске кірісті. 6-шы шақырылымының екінші сессиясын ашқан Елбасы Парламентке 50 шақты заң жобасын қабылдау керектігін атап өтті. Оның ішінде 7 заң жобасын депутаттар дайындап шығарған.

Жаңа маусымды дәстүр бойынша Әнұранмен ашқан Елбасы Гимнге өзі қосылып, үндемей тұрған Үкімет мүшелері мен депутаттарды сынады. Сөйтіп оларға жазылмаған заң қалыптастырып бергендей болды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Депутаттар мен Үкімет мүшелеріне Әнұранның сөзін біліп, айтып тұрғаны жөн болады және жарасады, үндемей тұрмай.

Қауіпсіздік және терроризммен күрес. Кезек күттірмейтін заң жобаларының салмақтысы. Парламент осы бағыттағы жеті заң жобасын қабылдауы керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шекара талғамайтын терроризм мен экстремизм дүниенің барлық қиырын шарпып келеді. Бұның барлығы - жаһандық әлемнің ажырамас бөлігі - Қазақстанға да ықпалын тигізбей қоймайды. Бұл орайда Парламентке зор жауапкершілік жүктелетінін өздеріңіз білесіздер.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Қауіпсіздік саласындағы заңдармен жұмыс істеу - осы сессиядағы біздің басымдылықтардың негізгісі деп айтуға болатын шығар. Осы саладағы қандай да бір тетіктерді күшейту керек. Осыған байланысты жұмыс істейтін боламыз.

Ал қауіпсіздікке жауапты комитет төрағасы батыс өңіріндегі ұсталған экстремистік топтардың өзара байланысы жоқ екенін мәлімдеді.

Владимир Жұмақанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

Олардың көздегені құқық қорғау органдарына шабуыл жасау болған. Мұны нақты айта аламын. Лаңкестердің қаруы тәртіп сақшыларына, олар отыратын ғимараттарға бағытталған. Ол топтар үлкен емес.

Жер мәселесі де назардан тыс қалмады. Президенттің айтуынша, жер комиссиясының ұсыныстары бөлек заң жобасына енгізілмек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз шын мәнінде бір қолға жүздеген гектар жер беруге болмайтынын ескерген жоқпыз. Ешбір елде ондай жоқ. Ал біз осы бағытта жұмыс істей бастаған алғашқы уақытта бәрін бос жіберіп қойдық. Жерді алған адам жауап беру керек. Кім көрінген алып алды. Енді прокуратура, сотпен қайтарып әлекпіз.

2017-2019 жылдарға арналған 3 жылдық бюджет туралы заңда әлеуметтік төлемдердің бір тиыны қысқармауы керек. Президент осыны ескертті. Ал Ұлттық экономика министрі алдағы уақытта Елбасының қатысуымен өтетін Үкімет отырысында бюджеттегі өзгерістер талқыланатынын айтты. 

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

2017 жылы жалпы ішкі өнім өсімі 1,9 пайыз болады деп болжап отырмыз. Қайта қарамаймыз әзірге. Қашаған іске қосылғанда, мұнай өндірісінің көлемі артады деп, соны ескердік. Ал биылғы жалпы ішкі өнім бастапқы болжанған 0,5 пайыз көлемінде қалады.

Президент бюджет қаражатын тиімді игерілмеуін сынға алып, бақылауды күшейтуді тапсырды. Ал қыркүйектің алғашқы он күндігінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда Елбасы халықты жұмыспен қамту мен кірісін еселеу жөнінде, яғни экономиканың "тынысын ашатын" бірқатар ұсыныстар жасайтынын мәлімдеді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ