$498.34 €519.72 ₽4.85
×

ШҚО-да су тасқынының алдын алу шаралары күшейді

AstanaTV
17.02.2023ж. 07:58
876
ШҚО-да су тасқынының алдын алу шаралары күшейді

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізу бойынша арнайы жұмыс топтары құрылған. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдар, құтқарушылар, «Су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы» РММ мамандары кіріп отыр.

«Топ мүшелері Шығыс Қазақстанның барлық аудандарына барып, қар шығару және су өткізгіш құбырлар мен каналдарды тазарту жөніндегі жұмыстарды бақылауда. Қажетті материалдық-техникалық құралдарды дайындау барысын да тексеріп, халықпен жүргізілетін профилактикалық жұмыстарға талдау жүргізуде. Сондай-ақ кәсіпкерлермен азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізуге, төтенше жағдайда адамдарды орналастыруға, көлік қызметтерін көрсетуге келісім-шарттар жасалғанын тексеріп жатыр», - делінген ақпаратта.

Облыс бойынша жергілікті атқарушы органдар жалпы ұзындығы 221 шақырым 1057 су өткізу құрылыстарын, 217 канал мен арықты тазартты. Қыс басталғалы бері Шығыс Қазақстанның қала, аудан көшелерінен 243 мың текше метр қар шығарылған.

Бұдан бөлек, су тасқыны кезеңіне құм салынған 42 мың дана қап, 1874 тонна инертті материал, 237 тонна жанар-жағармай дайындалды. ТЖД қызметкерлері су тасқыны кезеңі жақындаған сайын дайындық жұмыстарын күшейтуде.