Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда «PrayForTurkey» қайырымдылық кеші өтеді

AstanaTV
17.02.2023ж. 14:29
1775
Алматыда «PrayForTurkey» қайырымдылық кеші өтеді

20 ақпан күні Алматы қаласындағы EverJazz джаз-клубында Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерді қолдауға арналған қайырымдылық кеші өтеді. Билет сатылымынан түскен және концерт уақытында жиналған барлық қаржы AFAD(Апаттар мен төтенше жағдайларды жою басқармасы) есепшотына аударылады. Шараны 2010 жылы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы аясында құрылған халықаралық жастар камералық оркестрі ұйымдастырады.Акцияға Түркияның Алматы қаласында бас консулдығы қолдау көрсетті.

«Бүгін біздің жақын бауырларымыз, туыстас Түрік елі табиғи апаттан зардап шегіп, ауыр күндерді бастан өткеруде. Мұны барлық ақпарат құралдарынан көріп отырсыздар. Түрік әлеміне әрдайым қол ұшын созуға дайын тұратын Түркия елі бүгінде біздің көмекке мұқтаж болыпотыр. Бауырларымызға тек қаржылай көмекке ғана емес, моральдық қолдау аса қажет. Олар біздің жүректен шыққан жылы сөздеріміз бен туыстық қолдауымызды сезінулері керек. Бұл қадамымыз оларға үміт сыйлап, жігерлендіреді. Біз, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы түбі бір түркі елдерінің өнерпаздарына «Біз біргеміз» деген ұранмен көмек көрсетуге шақырдық. Аллаға шүкір, бізге құлақ асқандар көп болды. Түркияның қиын күндерінде, жандарында болайық!», - деді ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев.

Қайырымдылық кеште «GATOB_QUARTET» және «4RIVERS QUARTET» ішекті квартеттерінің класикалық шығармалары орындалады. Опера труппаларының солистері Олег Татамиров пен Ержан Тәжімбетов кеш қонақтары үшін арнайы бағдарлама дайындады. EverJazz джаз-клубының резиденттері танымал жұлдыз Диана Макина, Take off Trio, Екатерина Хоменкова және Александр Рудовскийде сахнада өнер көрсетеді.

«Қазақстанның музыканттары мен EverJazz клубының мүшелері ауыр кезеңдерді бастан өткеріп жатқан Түркия халқына бей-жай қарай алмайды. Барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді EverJazz джаз-клубының директоры Алексей Глазырин.

«GATOB_QUARTET» тобының бірінші скрипкашысы, ұйымдастырушыл Әсем Қалман: ТҮРКСОЙ ұйымының арқасында Түркия ТҮРКСОЙ халықаралық жастар камералық оркестрі үшін екінші үйі болып қалды. 2010 жылдан бері біз ұжыммен бірге Анадолы елінде бірнеше рет және әлемнің әр түкпірінде өнер көрсеттік. Біздің бауырлар көрген қайғы-қасірет барлығымыздың жүрегімізді езді, қара жамылған әрбір отбасыға қайғырып көңіл айтамыз. Бұл қайырылымдылық кеш арқылы біз - Алматы қаласының музыканттары туыстас елге қолдау көрсеткіміз келеді, - деді.