$482.86 €533.17 ₽5.08
×

«Өзімді де, баламды да өлтіргім келді», - жалғызбасты ана

17.02.2023ж. 20:00
966
«Өзімді де, баламды да өлтіргім келді», - жалғызбасты ана

«Өзімді де, баламды да өлтіргім келді». Ауыр кезеңді бастан кешірген жалғызбасты ана өткенін осылай еске алды. Махаббатқа мас болып, жігіттің арбауына алданған әйел қазір «Аналар үйінде» тұрады. Елімізде осындай 21 орталық бар. Аяғын шалыс басып, қиындыққа тап болғандар онда қалай өмір сүріп жатыр? Әріптесім Аружан Задабек тағдыры тәлкекке түскендер туралы айтады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Біз дәл қазір Астана қаласындағы «Аналар үйіндеміз». Менің қолымдағы батыр жігіттің есімі – Айбарыс. Қазір -5 айлық. Бұл орталықта Айбарыс сынды сегіз бала бір отбасындай бірге тұрып жатыр.

Өзін Айдана деп таныстырған әйелдің «Ана үйінде» тұрып жатқанына үш ай болды. Ол сүйген жігітінен екіқабат боп қалған. Алайда, баланың әкесі ғашығының жүкті екенін естіген сәтте теріс айналады. Жалғанда жалғыз қалған ана барар жер, басар тауым болмағаннан кейін осы орталыққа келдім – дейді.

Айдана, «АНАЛАР ҮЙІНІҢ» ТҰРҒЫНЫ:

Балконнан секіріп өлсем, может бәрі жақсы болатын шығар. Өзім өлсем, ішімдегі бала да өліп кететін шығар деген ой келді. Балконнан, шыны керек, ашып қарап тұрдым балконнан секіруге. Ешқандай өкінішім жоқ. Наоборот менде қазір қуаныш. Жалғыз емеспін, сүйенішім бар. Осы жігітке қарап мен жоспарлаймын алда не болатынын.

«Аналар үйі» барлық өңірде бар. Онда қазір 200-ден астам адам тұрып жатыр. Яғни, осынша жан өмірдің қатал сынағына төтеп беруде. Алайда, тағдыры бөлек, тұрағы бір жандар мұнда 6 ай ғана тұрады. Одан кейін өз күндерін өздері көруі керек. Маша есімді бұл келіншек те бұрын осында тұрыпты, уақыты келгенде кетуге тура келген. Енді тек қонақ боп келеді.

Маша, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мадина жұмыс істейді. Мен екі баламен отырамын, балаға қарап. Анау-мынау керек болса, ол маған көмектеседі. Мен оған көмектесемін.

Гүлнар Шакирова осында істейді. Он жылда неше түрлі тағдыр көрдім дейді.

Гүлнар ШАКИРОВА, «АНАЛАР ҮЙІНІҢ» КООРДИНАТОРЫ:

Алданып қалады. Жігіттер тастап кетеді. Еркектер жауапкершілігі төмен. Мен әлі үйлене алмаймын. Менің оқуым бар, менің сабағым бар, кредиттерім бар, әке-шешем не айтады, сені қабылдамайды деген сөздер болады. Содан кейін әйелдер ауылға қайтуға да ұялады. Ұят деген бар, мамам, папам ұрсады деп екі ортада осылай қалып қалады, не істерін білмей.

Қазір алдамшы сезімнің көлеңкесінде қалып қоятын қаракөз қыздарымыз жоқ емес. Қолымен істегендерді мойнымен көтере алмайтын ер азамат саны артып барады. Жазығы жоқ сәби жапа шекпеуі үшін қыз бен ұлдың тәрбиесі тал бесіктен басалатынын ұмытпасақ екен.