Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Еуропа лигасы: Мықтылар қарымта кездесуде анықталады

17.02.2023ж. 20:00
655
Еуропа лигасы: Мықтылар қарымта кездесуде анықталады

Ассалаумағалейкум, спортсүйер көрермен! Спорт әлеміндегі соңғы ақпараттармен бөлісейін. Еуропа лигасының плей-офф кезеңінің алғашқы матчында "Барселона" өз алаңында "Манчестер Юнайтедті" қабылдады. "Камп Ноу" стадионында өткен матчтың 50-ші минутында алаң иелері сапында Маркос Алонсо есеп ашты. Араға екі минут салып "Манчестер Юнайтед" шабуылшысы Маркус Рэшфорд есепті теңестірсе, 59-минутта каталониялық ұжымның қорғаушысы Жюль Кунде абайсызда өз қақпасына гол соғып алды. Қорғаныстағы қателікке бой алдырған "Барселона" шабуылды үдетіп, 76 минутта Рафинья таразы басын теңестіріп кетті.

Бұл текетерістің нүктесі жауапты ойында яғни 23 ақпан күні "Олд Траффорд" стадионында қойылады.

ХАВИ, «БАРСЕЛОНА» ФК БАС БАПКЕРІ:

Біз Еуропадағы өте мықты әрі еңбекқор командаға қарсы ойнадық. Ойын тең дәрежеде өтті. Десе де жеңіс голын саламыз деген ой болды. Олд Траффордта тартысты матч күтемін. Біз онда жеңіс үшін яғни жолдама үшін барамыз.

Еуропа лигасының кезекті матчында да жеңімпаз анықталмады. Италияның «Ювентусы» өз алаңында Францияның «Нант» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. Матчтың 13-ші минутында Туриндықтар сапында Душан Влахович көзге түсті. Ал француздар екінші таймды өз қолына алып, 60-минутта Луи Блас ерекшеленді. Бұл текетіресті кімнің асығы алшысынан түсетінін 23 ақпанда білеміз.

Массимилиано АЛЛЕГРИ, «ЮВЕНТУС» ФК БАС БАПКЕРІ:

Тым сылбыр ойнадық. Қарқын қосқанда бәлкім ойын тағдыры басқаша шешілер ме еді. Негізі 2:1 есебімен жеңетіндей бірнеше мүмкіндік болды. Әсіресе осы ойында неғұрлым көбірек гол соғу керек еді.

Түркиялық жанкүйерлер Қазақстан мен өзге де елдердің құтқарушыларына алғыс білдірді. Перформанс Конференция лигасының плей-офф кезеңінде түрік клубы "Трабзонспор" мен швейцариялық "Базель" арасындағы ойын алдында болды. Құтқарушының дулығасында қиын сәтте қол ұшын созған елдердің туы бейнеленген. Алғыс тізімінде Қазақстанның туы да бар. Айта кетейік, бұл жерсілкінісінен кейінгі Түркиядағы алғашқы матч. Алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстандық спортшылар Турникке тартылу бойынша жаңа әлемдік рекордты орнатуға ниет танытып отыр. "Tartyl Fest" ұйымдастырушылары ертеңгі нәтиже қуаныш сыйлайды деп сенім артуда. Гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы мен мамандығына қатысты еш шектеу жоқ. Жүлде қоры – 54 млн теңге. Гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады.

Еркін ТАШЕВ, «DARA» ДАРЫНДЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Неге турник деген сұраққа жауап беретін болсам, турник деген ол кез келген өсіп келе жатқан жасөспірімнің ең алғашқы спорты. Тартыл фесттің мақсаты бұқаралық спортты дамыту. Ертең Астана қаласында, Конгресс холл орталықта бұйырса тартыл фесттің рекорды жаңарады деген үмітіміз бар. Дәл қазіргі таңда тартыл фесттің рекорды 50 рет тартылған тараздық спортшымыз бар.

Спорт жаңалықтары бүгінге осындай. Спортшыларымыздың рекорды жаңарып, мерейі үстем болсын!