$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тобыл өңіріндегі «Қарамырза» ауылы табиғаттың тосын мінезіне тап болды

AstanaTV
02.09.2016ж. 20:00
3876
Тобыл өңіріндегі  «Қарамырза» ауылы табиғаттың тосын мінезіне тап болды

Қостанай облысындағы қатты дауылдан зардап шеккен ауыл тұрғындарына өтемақы берілмейді. Өйткені табиғаттың тосын мінезі төтенше жағдайға жатпайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері осылай деді.

Еске салайық, өткен аптада Тобыл өңіріндегі Қарамырза елді-мекенінде қатты жел соғып, бірнеше әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер шатырсыз қалды. Шағын ауылдағы асхана, дәрігерлік пункт, білім ордасымен қатар бірнеше мал қора шатырсыз қалған. Дауыл 24 метрлік биік телемұнараны да құлатып кеткен.

Синоптик-мамандар сол күні аудан орталығында желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жеткендігін айтады. Ал, Қарамырза аулындағы желдің күші одан да жоғары болған деген болжам жасап отыр. Шаруалар да шығын шекті. Дауыл бітік шыққан бидай мен арпа өнімдерін сабағынан сындырып кеткен. Жергілікті диқандар келген шығынды есептеп жатыр.

Марина  Ақайдарова,  Қарамырза селолық округінің әкімі:

Сол күнгі желдің жылдамығы бізде тіркелген жоқ, бірақ секундіне 28 метрден жоғары болғаны анық. Қатты желден құлаған электр желісінің бағандары дереу орнатылды. Қазіргі кезде зақым келген ғимараттардың барлығына  жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Заңғар САНАЙ