Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Атырау облысына барды

AstanaTV
02.09.2016ж. 20:00
3046
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Атырау облысына барды

Атырау "мұнайды өндіруден" өңдеуші өңірге айналып келеді. Бүгін аймаққа жұмыс сапармен келген "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осындай баға берді. Бір айта кетері, соңғы жылдары мұнайлы өлкеде ырысын жерден терген шаруалар саны артып келеді. Атырауда екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымының 20 пайызы егіс алқаптарында еңбек етеді. Бүгінде олардың басым бөлігі - тамшылатып суару әдісіне көшкен.

Тамшылатып суару әдісіне көшкендердің бірі - «Дастан» шаруа қожалығы. Нәтижесі көз қуантады. Жыл сайын бес мың жарым тонна көкөніс пен бақша өнімдерін жинайды. Бүгінде жиым-терім жұмысының бел ортасына жеткен шаруалар, аймаққа сырттан тасымалданатын өнімдерді азайтып, экспортқа тәуелділіктен арылуға үлес қосып келеді. "Бұл нәтижеге жеңілдікпен несие беріп, субсидиялауының арқасында қол жеткіздік",- дейді қожалық директоры. 

Атаман Ерманов, «Дастан» шаруа қожалығының атқарушы директоры:

Үкіметтің көмегі, әрине, болып жатыр, бұл малға да, шапқан шөпке де, болмаса бұрын егіннің гектарына беретін еді, енді алған өніміне байланысты әңгіме болып жатыр. Шүкір, бар, алып жатырмыз. Бергенін алып жатырмыз, үкіметтің еңбегі көп, ауыл шаруашылығына салып жатқан. Еңбек етем деген кісіге мүмкіндік бар.

Олардың жеткен жетістігімен бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед танысты. Мұнан соң ол асыл тұқымды мал, сүт өнімдерін шығаратын шаруашылықтардың жайын біліп, шаруалармен кездесті. Құл-Мұхаммед мемлекеттің ауыл шаруашылығына қай кезде де бей-жай қарамайтынын атап өтті. 

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл өңірге Елбасынның қамқорлығы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, көкөніс шаруашылығын дамытуға, оның үстіне түрлі ауыл шаруашлығы өнімдерін, сүт өнімдерін шығаруға, жұмыртқа, құс тағамдарын өндіруге келген кезде, Атырау облысында кейінгі жылдарда өте үлкен нәтижеге қол жеткізген. Және бұл алдағы уақытта да Мемлекет басшысының қолдауымен дами береді, деп есептеймін.

Партия төрағасының бірінші орынбасары, тұрмыста қолданылатын полипропиленді қаптар мен полиэтиленді қаптамалар шығаратын кәсіпорында да болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі аумағындағы құрылған мекеме былтыр ашылған болатын.

Равил Абдолрахымов, «Полимер Продакшн» ЖШС қаржы директоры:

Полипропилен қапшықтар туралы айтар болсақ: ұн, қант орайтын қапшықтар, 50, 25, 5 келіліктер, полиэтилен пленкалар туралы айтатын болсақ, ол сусындарды орайтын, құрылыс, зауыттарда үлкен заттарды орайтын қапшықтар. Биоксалды пленкалар туралы айтатын болсақ, тамақ кезінде қолданады, Тамақтық мерзімі көп болу үшін.

Өз сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед: "Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі «Нұрлы жол» бағдарламасының аймақтағы көшбасшысы," - деді. Айта кетейік, биыл аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 770 миллиард теңге бөлінген. Оның алтыдан бір бөлігі осы Атырау облысына бағытталыпты. Мемлекеттік  қолдаудың нәтижесінде бұл жерде балама экономика құрылуда. Партия төрағасының бірінші орынбасары, осылайша Атырау мұнайды өндіруден өңдеуші өңірге айналып келеді, деп баға берді.  

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ