$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордалық ер азаматтың аты-жөні құжатқа әйел ретінде жазылған

Қызылордалық ер азаматтың аты-жөні құжатқа әйел ретінде жазылған

Елімізде адамдардың аты-жөнінде бір ізділік сақталмаған. Кей кездері аты мен тегін айыру қиынға соғып жатады. Енді көпшілігі «ов», «ев» деген жалғаудан арыла алмай жүр. Аты-жөні орысша немесе тегі қате жазылғандар да бар. Мұндай жағдайда не істеу керек? Мөлдір Тоқтасынқызы тарқатады.

Бақытжан Саймов 55 жаста. Туу туралы куәлігін ата-анасы 1970 жылы алған екен. Ал онда атпалдай азаматтың аты-жөні әйел ретінде жазылған. Жас кезінде оған намыстанып, қатарластарынан құпияда ұстағанын жасырмайды. Енді неше жыл арқалап жүрген –ова мен -овна деген жалғауы зейнетке шығарда сергелдеңге салады ма деген қорқып отыр.

Бақытжан САЙМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Саимова Бақытжан Куламкадировна деп жазылған. Бала күнімде паспорт алған кезде бір білдім. Метркенің көшірмесін жазатын едік қой. Сол кезде білдім да, көрсетіп едім ұл деп жаза сал деді. Сонымен паспорт алынып кетті. Одан кейін енді қарамадық метркені, жатты ғой үйде.

Қазіргі таңда қазақтың Гүлнұр, Қанағаттары құжат бойынша Гулнур, Канагат болып жүргені жасырын емес. Жалпы елімізде адамдардың фамилиясын жазудың 20-ға жуық үлгісі бар екен.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қазақша жазылу керек қой негізі. Өзіміздің қазақ тілімізде.

- Өзгертуге келісесіз бе?

- Ол проблема болып кететін шығар.

- Әкесі қайсы екенін, атасы қайсы екенін білмей жатады қазір. Қазіргі уақытта соны түсінікті қылып жазылғаны дұрыс деп ойлаймын.

Азаматтарға арналған үкімет корпорациясына соңғы бір жылда құжаттарындағы қателіктеріне арызданушылар тіркелмеген. Ал Бақытжан Саимовтың мәселесі зейнетке шығуына кедергі келтірмейді дейді мамандар. Олардың айтуынша, аты-жөнін қазақшалауға ниеттілердің де қарасы қалың емес екен.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША PR МЕНЕДЖЕРІ:

Барлығы бір жерден шешіледі. Өйткені өтініші бойынша біз әрі қарай құжатты жолдаймыз. Оған 0,5 айлық есептік көрсеткіш бойынша баж салығы бар. Соны төлегеннен кейін 15 күннің ішінде құжаты қазақша өзі қалағанындай болып келеді.

Ал тегін өзгерткен азаматтарға диплом секілді өзге де құжаттарды ауыстырудың қажеттілігі болмайды дейді мамандар. Барлығы электронды жүйеге тіркеліп тұрады.