Қызылордада «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын білім нысанына бөлінген жер телімі тар. Қаржысы қаралған, құрылысы 2 айдан кейін басталуы тиіс. Тұрғындар
жер мәселесі шешілмесе, құрылыс жұмыстары кешігіп қалмай ма деп алаңдап отыр.
Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында құрылыс жұмыстары басталуы тиіс. Жоба мақұлданған. Ақмаржан шағын ауданындағы ескі мектептің орны таңдалған. Бірақ ол жер тар. Жаңасын салуға көлемді аумақ керек. Енді тұрғындар соның салдарынан қордан бөлінетін қомақты қаржыдан да қағылып, білім ордасы салынбай қалады ма алаңдаулы.
Дәрікүл ЖАЛБЫРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Осы жерге мектеп салынады деп ген план бойынша сызылады. Өйткені мектеп емес қой бұл түрме ғой бұрыңғы. Ал енді мектепті салына деп тұрып неге мына жердің барлығын комерциялық мақсатқа сатады. Акимат қаражатымыз жоқ дейтін болса, біз халықтан жылу жинайық. Сөйтіп өзімізше мектеп салайық. Бір келеді да әне өлшейді міне өлшейді да төрден қатырып мектеп саламыз дейді. Қазір 10 жыл болды.
Ескі білім ордасының құрылысы 1980 жылдары салынған. Алғашында түрме, кейін емхана болған екен. Ал осыдан 30 жыл бұрын мектеп ретінде пайдалануға берілген. Алайда, білім ошағы деген аты болмаса, талаптарға сай келмейді дейді тұрғындар. Ата-аналар балаларымыз білім саласындағы заманауи мүмкіндіктерден қағылып отыр деп алаңдаулы. Оның арнайы талаптарға сай келмейтіндігін мектеп директоры да жоққа шығармайды.
Еркін АҚШАЛОВ, Ә.ҚҰДАБАЕВ АТЫНДАҒЫ №197 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Балаларға тығыздау. Оқуға стандарқа сәйкес келмейтін мектеп. Санпин бойынша да, басқа да. Соған байланысты қазір бұл мектептің жарамсыздығы жөнінде жұжаттар дайындалып жатыр, рәсімделіп. Осы 1-2 күннің көлемінде егер аяқталса, қорытындысын аламыз. Егер қорытындысын алатын болсақ бұл мектеп бұзылуға жатады.
«Жайлы мектеп» жобасының үйлестірушісі «Самұрық қазына канстракшн» АҚ. Аймақта бірінші кезең бойынша биыл 10 мектептің құрылысын салмақ. Ол тізімге мыңға жуық бала оқып жатқан Ақмаржандағы білім ордасы да енген. Жауапты басқармадағылар кәсіпкерлермен бір келісімге келмесе де, құрылыстың басталатына сенімді.
Дінмұхамед СЫРЛЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Ол жерге мектеп салынатыны анық. Сондықтан мемлекет мұқтажы алу жөнінде қаулы шықты қала әкімдігінен. Шектеулердің барлығы қойылды. Ол жұмыстар паралельно жүре береді. Ал құрылысқа байланысты ешқандай тоқтау жұмыстары болмайды.
Қазіргі таңда мектептің ескі ғимаратына сот сараптамасы жасалуда. Құжатта онда балаларға білім алу қауіпті екендігі нақтыланса, ол бұзылады дейді мектеп басшылығы. Ал басы ашық күйде тұрған мәселелердің шешілуіне алаңдаған тұрғындарда үміттен гөрі күдік басым.