$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Айшықты Ашхабад...

AstanaTV
03.09.2016ж. 20:00
1577
Айшықты Ашхабад...

Мемлекет Басшысының ауысу процесін 2007 жылы бастан өткізген Түркіменстанның президенті Гұрбанғұлы Бердімұхамедов осы аптада Германияға ресми сапармен барды. Газ қоры бойынша әлемде 4-орын алатын елдің сипаты мәлім. Қысқа қайырғанда, «томаға-тұйық» ел. Ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, канцлер Ангела Меркель екеуі журналистерге комментарий беруге шыққандарында «Рейтерс» агенттігі Түркіменстан басшысынан республикадағы адам құқығы туралы сұраған. Бердімұхаммедов «Реформа жасалғалы жатыр, конституцияда жаңа өзгерістер болады, оған кепілдік беретін омбудсмен институты енгізіледі» деп жауап қайтарған. -Ең есте қалғаны, түркімен президентінің «газды, электр энергиясын, суды, әлеуметтік төлемдерді өз азаматтарына тегін беретін бізден басқа бір елді атап беріңдерші» дегені,- деп жазды, «Азаттық». Одан әрі  «бұл сөз - бүгінгі шындықпен сәйкеспейді. Өйткені қазір Түркіменстанда ол жеңілдіктерді ала алмай отырған тұрғын өте көп»,- жалғастырған.

 Ал Ашхабадқа іссапармен барған арнамыздың тілшісі Ботакөз Сарқұлова, «тегін ешнәрсе қалмаған» деп келді. Тұрғындар тегін газ, тегін бензин, тегін электр энергиясы бір жыл бұрын жойылғанын айтқан. Жылына көп болса 20 мың шетелдік келетінін де солар жеткізген. Жалпы, Ашхабадтың жаңа бөлігі Гиннестің рекордтар кітабына енген – ақ мәрмәрді пайдалану жағынан. Сән-салтанатымен панорамалы көрсету мүмкін емес, себебі фото-бейнеге түсіруге тыйым салынған. Алайда «жауын-жауынның арасымен жүгіріп» түсірген видеодан да ...Дубайдың көшірмесін байқауға болады.Мысалы, 107 метрлік «Йылдыз» қонақүйі. Дубайдағы «Бурж-әл-Арабтан» аумайды. Пәтерлердің төбесі 4,5 метрге дейін жететін тұрғын үйлер, ауқатты адам үйінің маңына қойғызатындай көше шамдары, тақтайдай жолдар... Бірақ бұлардың қарапайым адамдарға берері шамалы. Ондай үйлерді сатып алатын табысы жоқ. Алайда ғимараттарды бірінен соң бірін салып жатқан билік қарқыны бәсеңситін емес...

Ең қызығы, Сапармұрад Ниязовқа қойылған алтыннан құйылған ескерткіш орталықтан қаланың шетіне ауыстырылған. Оның орнында ахалтеке мінген Бердімұхамедовтің ескерткіші. Жаңа президент жаңа резиденция де салып алған. Бұрынғы президент сарайының күмбезі біреу болса, жаңа президенттікі 3 күмбезді. Ниязовтың аты Мемлекеттік гимннен өшірілген, оның жазған кітапттарын оқу міндеттелмейді, ай және апта күндеріне бұрынғы аттары қайтарылған...

 Біздің осы мемлекеттегі елші Орман Нұрбаев қазақстандық автоқұрастырушылар Түркіменстан нарығына назар аударса дейді. «Жабық» елге кіру қиын болса да, кілтін тапса, сауда жүреді. Әйтпесе олар ауамен қоректеніп, есек арбамен жүрмейді ғой...

Орман Нұрбаев, Қазақстанның Түркіменстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Мұнай-газ саласы инфрақұрылымдарына қажетті өнімдерге, машина жасау саласы, тіпті білім саласына қызығуы мүмкін. Ғарышты зерттеу де тартымды сала.