$512.34 €582.07 ₽6.31
×

Құлдыраған автонарық

AstanaTV
03.09.2016ж. 20:00
2496
 Құлдыраған автонарық

Еліміздегі автомобиль сатылымы түсіп кеткен. Автобизнес саласының сарапшысы Эдуард Эдоковтың айтуынша, қазіргі экономикалық жағдай автодилерлердің еңсесін басып тұр. Биыл 7 айда автосалондардан 25 мың 500 адам ғана көлік алған. Былтырғы көрсеткіштен екі есе аз. Отандық автокөлік құрастырушылардың да жағдайы мәз емес, өнімдері 60 пайызға құлаған. Жарты жылда 5 мыңнан сәл асатын көлік шығарған. Кірісі азайған адамдардың автосалондарға жүгірмейтіні анық. Автонарықтың ахуалын Айгүл Әдепбай зерттеп көрді. 

Сонымен қазақ авто нарығының басына үйірілген қою бұлт биыл сейіле ме? Мамандардан сұрасақ, авто салоны барлар үмітті, сынағыштар биыл ғана емес, түйілген бұлт алдағы жылы да тарқамайды деп түнертіп отыр. Қазақ авто нарығы кей мамандардың есептеуінше, 71 пайызға құлдыраған. 

ГРАФИКА: Сандарды сөйлетсек. Үстіміздегі жылдың жеті айында 25 мыңдай адам ғана авто салондардан көлік мініп шыққан. Автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының мәліметі бұл. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз. Отандық өндіріс те 60 пайызға төмендеген. Жарты жылда конвейерден 5 мыңнан сәл артық көлік шыққан.

Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

Автобизнес қауымдастығының ресми статистикасы да көңіл көншітпейді. Өткен жылмен салыстырғанда сатылым 60 пайызға төмендеп кеткен. Ал былтыр оның алдындағы 2014 жылмен салыстырғанда сатылым үше есе құлдырады. Соңғы жалдары біздің отандық көлік нарығы, яғни Қазақстанда жиналған көліктерге деген сұраныс құлдырап барады.

Колеса кз сайтының мәліметі де жұбатпайды. Өткен шілде айында автосалондардан 3,5 мың адам көлігін мініп кеткен. Санды 2015-пен салыстырсақ, сатылымның 61 пайызға азайғанын көреміз. Автосалондар шығындарын жабу үшін көлік бағасын кем дегенде 1 млн теңгеге дейін көтерді.

Дмитрий Манькор  «АСТЭК» авто орталығы сату бөілімінің бастығы:

Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан нарығында құлдырау басым. Көлік бірінші қажеттілік құралы емес. Сондықтан әсіресе, аймақтарда сатылым азайды. Астанада да біздің сату көрсеткіштеріміз былтырғы жылға қарағанда екі есе азайды.

Себеп... себептері қарапайым. Мұнай бағасының құнсыздануы мен жалпы әлемдік экономикалық салқындықты алға тартады мамандар. Теңгенің тәлтіректеуі тиісінше, көк қағаздың құтыруы да бар. Бұл аздай жыл басынан бастап енгізілген утильдеу жиыны мен алғашқы тіркеуге жұмсалатын қосымша шығындар саланы тұралатып тастаған.

Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

Мұндай шаралар Ресейден болсын, Германия, Америкадан әкелінген болсын, отандық болсын, кез келген бағытты тұншықтырып тастайды. Мысалы бұл төлемдер енгізілмей тұрған кезде былтыр Хюндай көлігінің бағасы 2,5-нан 3 млн теңгеге дейін еді. Ал қазір 3 млн-нан басталып 4 млн теңгеге дейін жетеді. Одан да қымбаттары бар. Ал халықтың кірісі қысқарып қалды. Сондықтан олар салондарға жүгіріп көлік алады деу, қиял. Ал утильдеу шығыны үшін ақша төлеу  қулықтың бір түрі. Қазір алған көлігімді 20 жылдан соң кәдеге жаратуға тапсырамын деп, салым төлеу артық. Утильдеуден қанша ақша жиналды, көлік саны қанша, ешқандай ақпарат жоқ.

Отандық көлік құрастырушы кәсіпорындар тұтынушы сұранысының төмендегеніне Ресей көліктері кінәлі дейді. 2014-2015 жылдары 300 мыңнан артық темір тұлпар жеткізілген көрші федерациядан. 

Юлия Конгарт, Автодиллер компаниясының стратегиялық маркетинг бөлімінің жетекшісі:

Сұраныстың азаюына Ресейден келген көліктер әсер етті. Яғни адамдар солардың автомобильдерін алып алды. Сондықтан жаңа көліктерге деген сұраныс төмендеді.Бірақ қазір жағдай біртіндеп түзеліп келеді. 2018 жылға қарай біздің зауыттарда жиналған көліктердің қазақстандық үлесі 50 пайызға дейін артады. Қазір көрсеткіш 30 пайыз. Құрал-саймандардың жартысы өзіміздікі болса, мұндай тәуелділік болмайды.

Осылайша отандық көлік құрастырушылар оптимистік көзқараста. Сәуірден бастап сауда жанданғанын айтады. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы «Азия авто» айналымын арттырған. Бюджеттік эконом класстағы модельдерге басымдық берген. Олардың статистикасында көліктерге деген сұраныс мынадай:

1 орын  «КIА» маркасы

2 орын  «ЛАДА» маркасы

3 орын  «HYUNDAI» маркасы

4 орын  «ŠKODA» маркасы

5 орын  «JAC» маркасы

Ерік Сағымбаев, «АЗИЯ АВТО» АҚ президенті:

Статистика нарықтың өзгергенін көрсетеді. Тұтынушылар бюджеттік көліктерге ден қойған. Ал бұл біздің негізгі бағытымыз. Автонесиелеу мемлекеттік бағдарламасы да көмектесті. Бүгінде авто нарық өзінің құлдырау шегіне жетті. Және 2017 жылдан бастап сала қалпына келеді.

Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков болса, авнонарық 2017 жылдан аяғына тұрады дегенмен келіспейді. Оның айтуынша нарықтың тұралауы әлі алда.

Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

Құлдырау әлі тоқтаған жоқ. Мұнай бағасының арзандағаны себеп болғаны түсінікті. Бірақ осы тұрғыда экономиканы көтеретін басқа тетіктерді көріп тұрғам жоқ. Қара алтын бағасы 3-5 теңгеге көтерілсе де, халықтың жалақысы бірден өседі деген сөз емес. Автосалондарға жүгіре қоймас. Кейбір сарапшылар 2017 жылы оңай болмайтынын айтады. Алдағы жылы мұнай бағасы көтерілмесе, бұдан да ауыр болады. Авто нарық халықтың материалдық жағдайына байланысты. Сондықтан құлдырау түбіне әлі жеткен жоқ деп ойлаймын. 

Отандық көліктерге сұраныс сұйылса да, шетелдік қымбат маркалардың мұрты қисаймаған сияқты. Бағасы батырып жіберетін автомобильдер жақсы сатылған. Автобизнес қауымдастығының статистикасы мынадай:

PORSCHE +300%

LIFAN +250%

IVECO +209,09%

KAMAZ +188,33%

BMW +60,87%

AUDI +57,14%

HYUNDAI +44,53% 

JAC +22,73%

 Бұл ауқаттылар мен кедейлердің пайыздық көрсеткіші туралы әңгімелердің бекер еместігіне дәлел. Тым ауқаттылар немесе тым кедейлер. Орта таптың үлесі аз, деген.

 Дегенмен отандық өнім өндіретіндер жеңілдетілген несиелік бағдарламаға әлі де болса үмітпен қарайды. Мемлекеттік автонесиелеу бағдарламасының екінші кезеңі сәуір айында басталды. «Қазақстанда жасалған» брендін 7 мыңнан астам адам таңдап алған. 4 пайыздық жеңілдікпен. 

Олег Алферов, Автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының басқарма төрағасы, телефон арқылы:

Бағдарлама қарапайым тұтынушыға ғана емес, банктерге де көмек болды. Қаржы құрылымдарының теңгелері жетпей отырған кезде жақсы демеу жасалды. Сонымен қатар бағдарлама ұлттық қорды кепілдендірілген түсімдермен қамтамасыз етті. Саланың жалпы ішкі өнімге 30 миллиард теңге құюы фармацевтика, тоқыма, жиһаз сынды өзге бағыттардың көрсеткішінен асып кетті. Соңғы 7 айда елімізде құрастырылған отандық өнім үлесі артты. Сатып алушылардың 23 пайызы екі ірі отандық авто зауыттың өнімін таңдап отыр.

Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

 Біздің авто өндіріс өндіріс емес, көліктердің импорты десе болады.Қазір қазақстандықтарға таңдау қалдырмады. Не сен бізде құрастырылған көлікті аласың, не утильдік жиынымен, алғашқы тіркеу шығындарымен есептегенде үш есе қымбаттаған шетелдік брендті аласың. Осылайша нарық бәсекеден жабылып жатыр. 

Нарық бәсекеден «қорғанып» отырса, қарапайым халық арманда отыр.

Салтанат Нысанбекова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Былтыр өзіме ұнайтын арманымдағы көліктерді қарап жүрген болатынмын. Ол кезде бағасы да қолжетімді боған еді. Автосалонға барып несие рәсімдеуге бел будым. Бірақ алғашқы жарнаны жинау керек болды. Сол бастапқы жарнаны жинап болған соң барсам, өзімнің ойымдағы көлігім 1 млн қымбаттап кетіпті.

Айгүл Әдепбай, тілші:  

Мен мініп отырған мына көлік те салонда 1,5 млнға қымбаттаған. Көлік қазір байлықтың белгісі емес, қажеттілік құралы болса да, аспандаған бағасы көпшіліктің арманын сағымға айналдырып отыр.

Айгүл Әдепбай, Нұржан Махмұтов «Біздің уақыт».