Жаңа оқу жылына байланысты айтатын мәселе көп ғой. Бірі – оқулықтардың жетпейтіні. Министрлік «100 пайыз қамтыдық» деп есеп берді. Менің түсінбейтінім, 100 пайызға орындалмайтынын біле тұра, несіне ондай мәлімдеме жасайды? Ата-аналардың ашуын туғызады. Тіпті жылда қайталанатын жыр болғасын ашуланбайды да. Ащы күлкісін туғызады. Айгүл Ермаханның репортажы.
Еліміздің Бас мұғалімінің «мектеп оқушыларын толық кітаппен қамтыдық» дегені не керек, республиканың кітап дүкендеріндегі кезек сейілер емес. Ал, оқулықтың кітап дүкендерінде бірі болса, бірі жоқ. Тіпті кей өңірлерде мұғалімдер оқушыларға жоқ кітаптың тізімін беріп, сатып алуларын талап еткен көрінеді. Тегін оқулықтан күдер үзгендер, қалтасындағы қаражатын оқулыққа жеткізе алмай сенделіп жүр.
Қадиша Молдабаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Познание мира, литература, русский, математика, английский, осы 5-6-на 4 мың ақша жұмсадым әлі керегі бар. Жағдайымыз жетпейді. Жақсы, бір бала оқиды. Екі бала оқыса, ақшамыз жетпейтін шығар. Үстіміздегі депутаттар қозғалмаған соң, бізден не шара? Қолымыздан ештеңе келмейді. Біз құр айтамыз.
Бұл қарағандылық ананың жанайғайы. Баласы білім алсын деп шырылдаған ол, қалтасындағы соңғы тиынын оқулық алуға сақтаған. Жаңа оқу жылының басталғанына бүгін үшінші күн. Бірақ оқулық үшін кітап дүкендерін де кезекте тұрған ата-аналардың қарасы азаяр емес.
Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрамдағы жағдай тіпті аянышты. Үкіметтің тегін оқулыққа қазынадан қомақты қаржы аударатыны жиі мәлімделеді. Ал Сайрамдағы өзбек мектебінде шіріп, тоз-тозы шыққан кітапты таратуда. Абдихалил Юнусалиевтің немересі алған кітаптың түрі мынау. Сыртқы кейпін айтпағанда, ішіндегі парақтары да санаулы. Оқулық 2000 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан. Осыдан 16 жыл бұрынғы бағдарламамен әлі күнге оқып келеді. Немерелерімнің дұрыс білім алып жүргеніне күмәнім бар дейді қарт.
Абдихалил Юнусалиев, Шымкент қаласының тұрғыны:
Міне факт. 16 жыл айналып келе береді. Біз тапсырамыз кітапты. Тағы да басқа адамдар алып оқи береді, всю жизнь. Бұның ақшасы қайда кетті? Не үшін осындай болады? Ескі кітапты оқытады. Не, директор бәрін жеп жатыр ма?! Жеп жатыр значить выходить, тексеру керек прокуратура.
Оңтүстік Қазақстан облысында тегін кітап алдымен көп балалы және тұрмысы нашар отбасыларға үлестіріледі. Артылғанын үлгергендер алады. Үлгермегені сатып алуға мәжбүр. Марина Низовкина да сөйткен. 2-сыныпта оқитын баласына 17 мың теңгеге кітап түгелдеп беріпті. Ең қымбат оқулық ағылшын тілі. Құны -3500 теңге. Оны да таба алмай жүр.
Марина Низовкина, Шымкент қаласының тұрғыны:
Биыл былтырғыдай бәрін өзіміз түгендедік...Соның бәріне 17 мың теңге жұмсадым. Бұл сомаға ағылшын кітабы кірген жоқ. Әлі іздеп таппай жүрмін. Өкініштісі, былтыр алынған кітаптар енді жарамсыз. Бағдарлама өзгереді. Пайдаға аспай үйіміздің кітапханасында шаң басып жатыр.
Бұл көрініс Алматыда да бар. Гоголь, Жандосов, Төле би көшелерінің бойындағы кітап дүкендеріне ентелегендердің қатары әлі сейілер емес. Оқулық мектептегі басты құрал болғандықтан, қымбаттығына қарамастан сатып алуға мәжбүр. Мұрат Дильманов - солардың бірі.
Мұрат Дильманов, Алматы қаласының тұрғыны:
Ұлым мен қызым № 94 мектепте оқиды. 6-сыныпта оқитын балама физикалық география мен бейнелеу өнері жетіспейтінін айтты. Соны өзім сатып алдым. Құны екі кітаптың 2850 теңге болды. Мемлекет кітаппен 100 пайыз қамтыдық деп отыр. Бірақ тек бізде ғана емес, таныстарымыздың барлығы кітап іздеп жүр.
Тек оқушылар емес, ұстаздар да кітап сөрелерін торуылдап жүр.
Елена Фаст, неміс тілі пәнінің мұғалімі:
Мне нужен учебник немецкого языка за 7 класс.
Мегаполистегі оқулық тапшылығынан қалалық білім басқармасы хабардар. Басшылар бұл жағдайды биылғы жылы бірінші сыныпқа қадам басқан оқушылар санының күрт артуымен байланыстырып отыр. Мысалы өткен жылы 27189 бала мектеп табалдырығын аттаса, биыл бұл көрсеткіш 31 мыңға жуықтаған. Салдарынан қосымша оқулыққа тапсырыс беруге тура келген.
Рахат Шимашева, Алматы қалалық білім басқармасының басшысы:
Биыл мына білім мазмұнының жаңартылуына байланысты балалардың көбісінің 6 жастан көбірек келіп қалар деген мақсатпен 2,5 мың балаға артығымен оқулық жоспарлағанбыз. Бірақ онымыз да жетіңкіремей бүгінгі күнде қазір баспалармен жұмыс жасап, артық келген баланы барлығын қамтамасыз еттік. 2 млрд 33 млн жергілікті бюджеттен қосылған болатын. Қосымша баланың өсіуіне байланысты 57 млн теңге тағы қосымша қосылып, оқулық жетпеген балаларды оқулықпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Роза Шоманова, гимназия мектебінің директоры:
Бізде есепке алынбаған балалар көп болып отыр. Мысалы, жалпы сыныптарға келіп жатқан бала саны 400, біздің мектеп бойынша. Енді кітап қалса соларға береміз. Жетпесе, ата-анасына сатып алу қажеттігін түсіндіріп айтамыз.
Оқулық тапшылығынан әбігерге түскен халықтың жағдайынан еліміздің Бас мұғалімі бейхабар. «Барлық өңір кітапмен 100 пайыз қамтылды» деп сенімді айтты.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
Оны кім айтты, барып алдымен тексеру керек. Біз 380 мың комплект оқулықтар басып, тасып өзіміз таратып бердік. Жергілікті әкімшіліктер өздері мектепке апарып береді. Мектеп оқулықтары жер- жерде жетпей жатыр деген ақпарат қазір жоқ. 370 мың бала бірінші сыныпқа барып жатыр. Оқулықтар, мектеп орындары, мұғалімдер барлығы қамтамасыз етілді.
Бас мұғалім айтқандай, расымен оқулық тапшылығы жоқ болса, жұрт неге азаннан кешке дейін кітап сөрелерінің алдын тоздыруда деген заңды сауал туындайды. Адвокат жүйкесі жұқармағандарға мынадай кеңес береді:
Жангелді Сүлейманов, адвокат:
Мемлекет оқушыларды оқулықтармен тегін қамтамасыз ету үшін қазынадан қомақты қаржы бөледі. Сондықтан оқулық тапшылығын сезініп, дүкендерден кітап сатып алып жатқан ата-аналарға айтарым, кітап құны жазылған түбіртекті жоғалтпай, сақтап қоюға кеңес беремін. Кейін сол арқылы білім министрлігіне, жергілікті білім басқармасына өтініш жазып, өз қалтасынан шыққан шығынды өтеп алуына болады.
Оқулық тапшылығы әсіресе 1-ші сыныпқа енді барған балғындар мен 8-ші сыныптың оқушылары сезінген. Өйткені олардың оқулықтары биыл түбегейлі қайтадан басылды. «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының мәліметінше, кітаптар 4 жылда бір жаңартылып отырады. Келер жылы 2, 5 және 7 сыныптар қайта өңделеді.
Бейбіткүл Кәрімова, «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры:
Республика бойынша 1-ші сыныптың оқулықтарын, 8-сыныптың оқулықтарын сатып алды.
Ақпар мен тіршіліктің қабыспай жататыны қоғам мүшелері үшін таңсық емес. Бірақ білім саласына байланысты мәліметтердің бұрмаланатыны үміттерді жаныштайды. Ата-анадан бұрын, балалардың сеніміне қаяу түсетіні жәй ғана «өкінішті» емес...
Айгүл Ермахан, Құралай Пионер, Айжан Қуаш, Айзада
Төребекқызы «Біздің уақыт».